Түркістан облысында «Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу» бағыты шеңберінде «Қоныс аудару» жәрмеңкесі өткен болатын. Жәрмеңке нәтижесімен 128 тұрғын көшуге ниет білдіріп отыр. Бұл туралы баспасөз жиынында хабарланды.
Брифингке қатысқан Павлодар облысының еңбек мобильділігі орталығының директоры Меруерт Есембаеваның сөзінше, биыл Павлодар облысына қоныс аударуға 3 354 квота бөлініп отыр. Ал, өткен жылы халқы тығыз орналасқан өңірлерден 2 170 адам қоныс аударған. Оның ішінде, Түркістан облысынан 807 адам барған. Сонымен қатар, брифингте Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Кемешев 2025 жылға 269 қандас пен 372 қоныс аударушы көшіп келеді деп жоспарланғандығын айтты. Жалпы 2024 жылы Шығыс Қазақстан облысына қандастар мен қоныс аударушылардан 781 адам қоныс аударған.
«Біз оңтүстік өңіріне мемлекеттің жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуына ықпал ететін бағдарламаны насихаттау үшін келдік. Осы ретте, Солтүстік өңіріне 2016-2024 жылдар аралығында барлығы 16 992 қоныс аударушы мен 1046 қандас қоныс аударған. 2024 жылы Солтүстік Қазақстан облысына Түркістан облысынан 197 адам көшіп келген. Бүгінгі таңда Солтүстік өңірінде 1 643 бос жұмыс орны бар. Оның ішінде, медицина және фармацевтика, білім беру, ауыл шаруашылығы, энергетика, құрылыс, көлік және логистика саласы, сауда саласы бар»,- деді брифингте Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты «Писаревка орта мектебі» КММ директоры Нұржамал Тамбетова.
Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Эльвира Жолдасбекованың сөзінше, 2015 жылдан бері Түркістан облысынан 15 589 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударған.
«Биылғы жылға қоныс аударуға республика бойынша 7 344 квота бөлініп, қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 8 облыс белгіленді. Оның ішінде, Абай, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары бар. Осы ретте, 8-10 сәуір аралығында облыс аумағында халықпен кездесулер ұйымдастырылып, республикамыздың жұмыс күші тапшы 7 облыстан келген 80-тен астам өкіл қатысты. Нәтижесінде, Жетісай, Сайрам, Мақтаарал аудандарында өткен жәрмеңкелер мен кездесулерге 2 мыңға жуық адам қатысты»,- деді Эльвира Балғабайқызы.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі