Облыс әкімінің орыбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен алдағы оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру мен бөлу бойынша мәжіліс өтті. Сонымен бірге «Жұмысшы мамандықтар жылын» мазмұнды әрі жастарға пайдалы іс-шаралармен қамту мәселесі де талқыланды. Оған жауапты басқарма өкілдері мен мекеме басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Облыс әкімінің орынбасары жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Сонымен бірге техникалық және кәсіптік білім беру саласын трансформациялау қажет екенін айтты. Осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының қолдауымен білім саласын дамыту жұмыстары жандануда. Мемлекет тарапынан жастардың білім алуына гранттар беріліп, қолдаулар көрсетіліп жатыр. Биыл да арнаулы оқу орындары мен колледждерге 15 500 мемлекеттік тапсырыс беру жоспарланған. Соның ішінде жұмысшы мамандықтарының саны 9500-ге дейін ұлғаяды. Ауылдар мен қалалардағы мектеп бітіруші түлектерге, оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, гранттармен қамту керек. Білім басқармасының талдауы негізінде биыл 11-сыныпты бітіретін 4 мыңнан астам оқушы ҰБТ-ға қатыспайды. Осы оқушылар NEET санатына енбеуі үшін колледждерге түсіру керек. Жауапты басқарма, «Жастар ресурстық орталықтары», аудан, қала әкімдері осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Аймақта мықты, көшбасшы колледждер бар. Олардың бірқатарындағы жатақханалар бос тұр. Ауыл жастарын тартыңыздар. Тегін оқысын әрі стипендиясын алып, мамандыққа ие болсын. Көпшілігі мұндай мүмкіндіктерді білмейді. Халыққа ақпарат беру керек. Бөлінген гранттарға сай тиісті ұсыныстар беріңіздер. Бұл мүмкіндікті пайдаланған жөн. Әр колледждің көрсеткіші талданып, тиімсіз жұмыс істеген директорларға қатысты тиісті шешімдер қабылданады, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Облыста 50 колледж жұмыс істейді (28 мемлекеттік, 22 жекеменшік). Басым бөлігі – көпсалалы колледждер. Бүгінгі таңда 75 мамандық бойынша 45 530 (оның ішінде 32 383 мемлекеттік тапсырыс) студент білім алуда. Өңірде еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандықтар 30 колледжде даярланады. Онда 16553 студент білім алуда. Биыл 450 орын гранты мақсатты мемлекеттік тапсырыс аясында қарастырылған. Яғни, жастарды кәсіпорындарға 100% жұмысқа орналастыру мүмкіндігі бар.
Облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілген. Ашылатын 130 мыңнан астамы жаңа жұмыс орындарының 60% жұмысшы мамандықтарға арналған.
2025 жылы өңірдегі 520 мектепті 75 809 оқушы (9 сынып – 44982, 11 сынып – 30827) бітіреді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, қалалар мен аудандардың әкімдіктері, салалық басқармалар мен мүдделі ұйымдар ұсынатын еңбек нарығының қажеттіліктері ескеріле отырып қалыптастырылады.
Айта кетейік, Түркістан облысында 14 -35 жас аралығындағы жастар саны – 663260. NEET санатындағы жастардың үлесін азайту мақсатында 2024 жылы 12 мемлекеттік бағдарламаны қамтитын жол картасы әзірленген. Осыған байланысты 39119 жас жұмыспен, оқу гранттарымен және жеңілдетілген несиелерімен қамтылды. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес NEET санатындағы жастардың көрсеткіші 10,4%-ды құраса (62 497 жас), 2024 жылдың IV тоқсанында 5,5%-ды (33668 жас) құрап, төмендеген. Жастарды жұмыспен, біліммен қамту жұмыстары жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ КОЛЛЕДЖДЕРДЕ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫНА АРНАЛҒАН ГРАНТТАР САНЫ 9500-ГЕ ЖЕТЕДІ
