• 30 октября, 2025 5:56 пп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ВИРУСТЫ А ГЕПАТИТІНЕ ШАЛДЫҚҚАНДАР САНЫ 1,7 ЕСЕ АЗАЙҒАН

Автор:admin

Окт 30, 2025

Облыс бойынша 2025 жылдың 9 айында тұрғындар арасында А вирусты гепатитінің 61 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге төмен. Науқастардың 49,1%-ы мектеп оқушылары, ал 24,5%-ы мектеп жасына дейінгі балалар. Бұл туралы өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ақерке Мақұлбекқызы мәлімдеді

«Аурудың алғашқы белгілері ЖРВИ немесе тұмауға ұқсас болуы мүмкін, сондықтан көп жағдайда адамдар оны елемей жатады. Белгілері — әлсіздік, шаршағыштық, дене қызуының көтерілуі, тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, құсу, іштің оң қабырғасының астында ауырсыну және дененің сарғаюы. Гепатит А әдетте созылмалы түрге өтпейді, алайда ауыр жағдайларда бауырдың қызметі бұзылып, ағзаның уыттардан тазару қабілеті төмендейді. Бұл жалпы әлсіздікке, жұмыс қабілетінің төмендеуіне және басқа ағзаларға салмақ түсуіне әкелуі мүмкін. Науқаспен байланыста болған адамдар науқасты оқшаулаған сәттен бастап күнтізбелік 35 күн бойы апта сайынғы медициналық бақылауға алынып, иммундық статустары анықталады. А вирустық гепатитінен қорғанудың ең сенімді әрі тиімді жолы — еке алу. Елімізде екпе тегін және Ұлттық егу күнтізбесіне сай 6 ай аралықпен 2 рет жүргізіледі» — деді спикер.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Автор: admin