• 22 ноября, 2024 3:06 пп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПОРЫНДАР АШУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Автор:admin

Июл 21, 2023

 

Түркістан облысында кәсіпорындар, зауыттар мен фабрикалар ашу бағытына басымдық беріліп жатыр. Осы орайда, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Түркістан облысына инвестициялар тартуға және инвесторлардың өзекті мәселелерін қарастыру үшін инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Отырысқа жауапты сала басшылары, инвесторлар және аудан, қала әкімдері қатысты. Жиында өңірде жүзеге асырылатын 20-ға жуық инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысы талқыланды. Солардың бірі – Түркиялық «Isiklar Ambalaj PAZ. AS» компаниясы Түркістан қаласындағы инудстриялды аймағынан қуаттылығы жылына 250-300 млн. дана қағаз қапшықтарын шығаратын зауыт салуға ниетті. Қазіргі таңда жобаның жол картасы бекітіліп, инвесторлар тарапынан тиісті құжаттар әзірленуде. Аталған компания жетекшісі Хусейн Оканың айтуынша, жоба 2023-2024 жылдары жүзеге аспақ. Жоба құны – 3,7 млрд. теңге. 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

– Инвесторларға инфрақұрылым және өзге де мәселелер бойынша қолдау көрсетеміз. Бірақ сіздер де жобаларды жылдам жүзеге асыруға күш салуларыңыз керек. Браунфилдтерге сұраныс жоғары. Олар бос тұрмай, өңірге пайдалы ұсыныспен келген инвесторға берілгені жөн. Аудан, қала әкімдері бюджет түсімдерін арттыруға күш салыңыздар. Жауапты басқарма, осы салаға қатысты мекемелер инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыс атқаруы қажет. Екіншіден, инвестштаб отырысына тек жұмыс орындарын ашатын, экономиканы көтеретін, салық түсіретін жобалар ұсынылсын, – деген Дархан Сатыбалды бірнеше инвестордың мәселесін тыңдап, жауапты мекеме басшыларына шұғыл қолдау көрсетуді тапсырды.

Сайрам ауданында 2023-2024 жылдары қуаттылығы сағатына 20 тонна құрама жем зауыты және қуаттылығы тәулігіне 1500 ірі қара мал қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрама жем зауытын ашу бойынша қазіргі таңда жол салынып, электр желілері тартылған. Жоба құны – 2,5 млрд.теңге. Мұнда 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жоба жетекшісі зауытқа электр, газ желісін тарту және қосымша жер учаскесін беру қажеттігі туындап жатқанын айтып өтті. Ал ірі қара мал қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт жобасының құны – 3,6 млрд. теңге. 70 жаңа жұмыс орны ашылады. Құжаттамаларды дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Арыс қаласында 35 мың және 10 мың басқа арналған екі бірдей мал бордақылау кешені жобасы жүзеге аспақ. Ол жобаға қажетті көмек сұралып, бақылауға алынды. Ал Келес ауданында «ECOCULTURE-EURASIA» ЖШС 51 гектар жер теліміне жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстарын биыл тамыз айында бастауды жоспарлап отыр.

Отырар ауданында қуаттылығы 50 МВт құрайтын күн-электр станциясын осы жылдың 4-тоқсанында іске қосу жоспарлануда. Жоба құны – 22,6 млрд. теңге. 40 адам жұмыспен қамтылады.

«Түлкібас жеміс-жидектері» компаниясының Түлкібас ауданындағы жемістерді өңдеу цехының құрылысы бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жоба құны – 1 млрд. теңге. Қуаттылығы – 5000 тонна. Қазіргі таңда «Түркістан» ӘКК» АҚ-на қаржыландыру үшін тиісті құжаттарды толықтыру жұмыстарын жүргізуде. Бұдан бөлек, Түлкібас ауданында балықтарға жем өндіру зауытының құрылысын бастау бойынша ізденіс бар. Инвестор жылына 2000 тонна жем өндіруді көздеп отыр. Қолдау көрсетілсе, 2024-2025 жылдары жүзеге асырылмақ. 20 адам жұмыспен қамтылады. Облыс әкімі екі жобаны да зерделеп, тиісті қолдау көрсетуді тапсырды.

Инвесторлар Мақтаарал ауданында «Cotton мақта-2» ЖШС мақта өңдеу зауытын кеңейту жобасы және жылына 5 мың тонна құс етін және 20 млн. дана жұмыртқа өндіретін құс фабрикасын іске қосуға ниетті.
Сонымен қатар Арыс қаласы мен Отырар ауданының әкімдері аудан, қалаға инвестиция тарту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Өңірдегі туризм саласын дамыту бағытында да бірқатар ірі жобалар жүзеге аспақ.

 

Автор: admin