Жаңа жыл мерекесі кезінде қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, азаматтардың жарақат алуына жол бермеу мақсатында республика көлемінде «Пиротехника» жедел профилактикалық шарасы өтуде. Шараның басты мақсаты — пиротехникалық бұйымдарды сатып алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салу қағидасын қалыптастыру. Бұл жайында Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Асқаров брифингте мәлімдеді.«Шараның бірінші ескерту кезеңі 5-12 желтоқсан күндері аралығында өткізілді. Онда полиция департаментінің қызметкерлері облысымыздың қала-аудандарында орналасқан сауда орталықтары мен дүкендерге арнайы барып қағаз түрінде ескертпелер таратты. Жеке кәсіпкерлердің арнайы лицензиясыз пиротехникалық бұйымдарды сатуына, сақтауына, тасымалдауына тыйым салынатыны айтылды. Екінші кезең 20 желтоқсан-3 қаңтар аралығында жүреді»- деді спикер.
Бүгінгі күнге дейін өңірде жоспарға сәйкес, БАҚ өкілдерімен бірлескен 27 рейдтік шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде тауарлармен және өзге де заттармен заңсыз сауда жасаған 80-нен астам әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған. Олардан 500-ге жуық сәйкестік сертификаты жоқ пиротехникалық бұйымдар тәркіленіп, 3 млн 784 мың 300 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі