• 15 августа, 2025 9:06 дп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИЗМ САЛАСЫНА 60 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛАДЫ

Автор:admin

Авг 15, 2025

 

Облыста қазіргі қонақ үйлердің саны 245-ке, демалыс орындарының саны 298-ге және емдік-сауықтыру кешендерінің саны 117-ге жетті. 2025 жылдың I тоқсаны бойынша қонақ үйлерге жайғасқан туристер саны 61,3 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 1,5%-ға өскен. Бұл туралы өткен брифингте облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов мәлімдеді.

«Өңірде жыл басынан бері туризм саласындағы қызмет көлемі 1,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 1,3%-ға өскен. Бұдан бөлек, 2025 жылдың 6 ай қорытындысымен өңірдегі табиғи аумақтарға келген келушілер саны 80,2 мың адамға жетті. Ал, тарихи орындарға келген келушілер саны 520,7 мың адамды құрады. Биылғы жылы туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 33 млрд теңгеге жетті. Атап айтқанда, «Lords Heir» қонақ үйі, «Khan Palace 2» қонақ үйі, «Yassy Hall and Apartments» қонақ үйі, «Болашақ құрылыс» ЖШС-ң демалыс аймағы. Өңірімізде шетелдік туристердің саны да өткен жылдың тиісті кезеңдерімен салыстырғанда 2 есеге артып отыр. «E-qonaq» жүйесіне сәйкес, қаңтар-маусым айларында өңірге келген шетелдіктердің саны 24 мыңға жуықтады. Қытай, Жапония, Италия, Германия елдерінен келген туристердің саны артып келеді. Халықаралық БАҚ-та Түркістан туралы кеңінен ақпараттар таратылып, өңірдің туристік әлеуеті таныстырылып келеді. Шаһарда жыл соңына дейін ескек есу каналы іске қосылмақ. Сонымен қатар, Қолөнершілер қалашығы да биыл аяқталады деп күтілуде. Күлтөбе қалашығы жобасын да жақында іске қосу жоспарланып отыр. 2025 жылы жалпы 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жобаларға 26,3 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1 130 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, туристік инфрақұрылым саласында
11,3 млрд теңге көлеміндегі 6 жоба іске асырылмақ. Жыл соңына қарай Түркістан облысына келетін туристер саны 350 мың адамға жетеді деп күтілуде. Жалпы саладағы инвестиция көлемін 55,8 млрд теңгеге жеткізу межеленіп отыр» деді сала басшысы.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Автор: admin