• 15 марта, 2025 3:55 пп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1000 АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТИТЫН ЗАУЫТТЫҢ КАПСУЛАСЫ САЛЫНДЫ

Автор:admin

Мар 15, 2025

✔️Түркістан облысында «Саутс-ойл» компаниясының «Созақ фосфат» инвестициялық жобасы аясында фосфор тыңайтқыштарын өндіру зауытының құрылысы басталды. Созақ ауданында жүзеге асатын жобаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қолдау білдіріп, зауыттың капсуласын салу рәсіміне қатысты.
📌– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту міндетін жүктеді. Облыста осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін Түркістан облысына және Созақ ауданы үшін маңызды инвестициялық жобаның құрылысын бастағалы тұрмыз. Бұл зауытта фосфор қалдығын өңдеу арқылы ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштар өндіріледі. Зауыттың іске қосылуы құрамында фосфоры бар тыңайтқыштың импортына тәуелділікті азайтады. Осында өндірілген тыңайтқыштар мен препараттар елімізде азық-түлік бағасының тұрақты болуына оң әсерін береді. Жобаны жүзеге асыруға жұмсалған қаржы өз-өзін ақтайтыны анық. Ол аудан жене облыс экономикасына мультипликативті әсерін тигізеді. Инфрақұрылым бойынша қолдау көрсетіледі, – деді Нұралхан Көшеров.
✔️Жобаның жүзеге асырушылары әрі серіктестері – «Саутс-Ойл» компаниясы мен «China Tianchen Engineering Corporation LTD» компаниясы. Маңызды оқиғаға аталған компаниялардың басшылары Серікжан Сейтжанов пен Лян Цзюньсян қатысты.
✔️Бұл жоба индустрияландыру картасына енгізілген. Жоспарланған инвестиция көлемі шамамен 140 млрд теңгені құрайды және 1000-ға жуық жұмыс орнын қамту жоспарлануда. Экологиялық талаптар қатаң сақталатын және заманауи технологиялар қолданылатын жоба арқылы фосфор қалдығын алу, фосфор тыңайтқыштарын шығару, терең өңдеу көзделген. Зауыттың қуаттылығына келсек, жылына 1 миллион тонна азот-фосфор-калий кешенді тыңайтқышын және 600 мың тонна фосфор нитратын шығарады деп жоспарлануда, 2027 жылы іске қосылады деп межеленген. Өнімдерін елімізбен қатар Үндістан, Қытай және көршілес елдерге экспорттау мүмкіндігі де қарастырылған.

Автор: admin