Түркістан облысындағы барлық аудан-қалаларда 17 «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс істейді. Өткен жылға қарағанда 10 орталыққа артып отыр. Сондай-ақ, жыл басынан бері орталықтардың көмегіне облыс бойынша 724 адам жүгінген. Оларға психологиялық, құқықтық, заңгерлік кеңестер беріліп, жұмысқа орналасуға және біліктілігін арттыруға жәрдем көрсетілген. Бұл туралы брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Күміс Мирова мәлімдеді.
«Бүгінде «Отбасын қолдау орталықтарында» 160-қа жуық маман қызмет көрсетеді. Ғимараттардың материалдық-техникалық базасын жасақтау, кәсіптік мамандармен және қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз ету жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылған. 2025 жылдың наурыз айынан бастап орталықтардағы мамандар үшін «FSM Social» мобильді қосымшасы іске қосылды. Мобильді қосымша өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға қолдау көрсету үдерісін автоматтандыруға бағытталған. Жүйе — жеке көмек жоспарларын құру және мемлекеттік органдардың әрекеттерін үйлестіру үшін цифрлық құралдарды пайдаланады. Сонымен қатар, орталықтағы қызметкерлердің құзыреттілігін арттыру үшін өткен жылдан бері бернеше рет семинар-тренингтер өткізілген. Биылғы жылы да Түркістан қаласында 26 наурыз бен 2 сәуір аралығында барлық орталық қызметкерлеріне оқыту сабақтары жүргізілуде. Сондай-ақ, сәуір айының екінші жартысында өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды қамту жөніндегі мобильді топ мүшелері әрбір аудан-қалада көшпелі семинар-тренингтер өткізеді. Орталыққа жүгінген тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері болған азаматтарға уақытша баспана да беріледі»,- деді спикер.
Айта кетейік, 2022 жылдан бері әрбір қала мен ауданда отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша тұру үшін отбасын қолдау орталықтарын құру басталды. Орталықтар мемлекеттік отбасылық саясат шараларын, оның ішінде неке мен отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын іске асырады. Одан бөлек, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты үйлестіреді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі