• 28 августа, 2025 2:41 пп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІ МЕН «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» АҚ АРАСЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕМОРАНДУМЫ ЖАСАЛДЫ

Автор:admin

Авг 28, 2025

☑️Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында «Кәсіпорын мен колледж – сапалы маман кепілі» атты іс-шара өтті. Маңызды жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, депутаттар, жауапты сала басшылары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен студенттері қатысты. Басқосуда студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу және әрі қарай жұмысқа орналастыру бағытында нақты қадамдар жасалды.

⤵️Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл ынтымақтастық кәсіби кадр даярлау ісін жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

📌– Бұл кездесу – өңіріміздегі кәсіби білім беру жүйесін жаңа сапаға бағыттайтын маңызды қадам. Президентіміздің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына байланысты облыста жүйелі шаралар атқарылуда. Колледждер мен өндіріс орындарының арасындағы тікелей байланыс орнатылып, өңір білікті жұмысшы күшіне, ал кәсіпорын қажетті кадрға қол жеткізуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында «Еңбек адамы – еліміздің тірегі. Бізге нақты кәсіби маман қажет. Жастар бір мамандықтың қыр-сырын терең меңгеруге ұмтылуы тиіс» деп атап өтті. Осы мақсатта биыл облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 15 500 мемлекеттік тапсырыс бөлінді. Оның 9 500-і жұмысшы мамандықтарға бағытталып отыр. Сол себепті, өңіріміздің 50 колледжді заманауи өндіріс талаптарына бейімдей отырып, дуалды оқыту жүйесін кең көлемде енгізіп жатырмыз. Соның жарқын мысалы ретінде Түркістан индустриялық аймағында орналасқан «BNK group» және «Жасыл-Суық» компанияларын атап өткім келеді. Бұл кәсіпорындар колледждермен тығыз серіктестік орнатып, электрмонтер, дәнекерлеуші, электрик, техник-оператор сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша студенттерді жұмысқа қабылдауда. Осы орайда, «Самұрық-Қазына» қорының құрамдас компаниялары тарапынан студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізуге және әрі қарай жұмысқа орналастыруға бағытталған қадамдарын жоғары бағалаймыз. Сіздермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде облыс аймағында кәсіби кадр даярлау ісін жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін. Бұл – жастардың бәсекеге қабілетті болуына және олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына бағытталған қадам, – деген Нұралхан Оралбайұлы колледждер мен кәсіпорындар арасындағы байланысты одан әрі күшейтуге әкімдік тарапынан толық қолдау болатынын айтты.

☑️Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жаңа 6 мамандық ашылды. Бұл – өндірістік сектордың, жұмыс берушілердің нақты сұранысынан туындаған шешім.

☑️Салтанатты шарада Түркістан облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу және жұмысқа орналастыру көзделген.

☑️Одан бөлек, жиын барысында дуалды оқыту бойынша «СП Буденовское» кәсіпорыны, Кентау көпсалалы колледжі және студент арасында үшжақты келісімшартқа қол қойылды. Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ мен «Woosong» IT университеті келісімшартқа отырды.

☑️Іс-шара соңында «Самұрық-Қазына» АҚ «Тәлімгер» жобасы аясында 2 бітіруші түлектің ірі кәсіпорындарда жұмысқа орналасуына қолдау көрсетіп, еңбек кітапшасын тапсырды.

☑️Осы күні іс-шараға қатысушыларға техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына экскурсия ұйымдастырылып, Түркістан қаласындағы «Көпсалалы индустриалды-техникалық» колледжі мен «Түркістан жоғары Болашақ» колледжінің базасы таныстырылды.

Автор: admin