• 3 декабря, 2024 5:33 пп

ТҮРКІСТАН: 2023 ЖЫЛЫ ОБЛЫС БЮДЖЕТІНІҢ КӨЛЕМІ 1 ТРИЛЛИОН 325 МЛРД. ТЕҢГЕНІ ҚҰРАҒАН

Автор:admin

Авг 1, 2023

 

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы ғимаратында, облыстық мәслихат төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Нұралы Әбішовтың қатысуымен баспасөз мәжілісі өтті. Брифингте Түркістан облысы мәслихатының 4 айда атқарған жұмыстары туралы баяндады.

«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, ағымдағы жылдың 19 наурызында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Сайлау нәтижесі бойынша сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың бірінші сессиясы 2023 жылғы 30 наурызда өтіп, жаңадан сайланған 46 депутатқа төсбелгілері табысталды. Сонымен қатар, алғашқы сессияда 3 тұрақты комиссия құрылып, олардың төрағалары сайланды. Атап айтқанда, бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы, әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі және кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялар. Жалпы, елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етуде мәслихат маңызды рөл атқарады»,- деді Нұралы Алмаханұлы.

Оның айтуынша жыл басынан бері облыстық мәслихаттың 4 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 53 шешім қабылданған. Оның ішінде 9 шешім облыстық Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өткен. Жылдың облыстық бюджеті 2 рет нақтыланып, 2023 жылы облыс бюджетінің көлемі 1 триллион 325 млрд. теңгені құраған. Ал бюджеттің 58,5 % әлеуметтік салаға бөлінген. Бұл өз тұсында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар міндеттерді шешуге септігін тигізген.

Сонымен қатар, Нұралы Әбішов ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдарға 154 депутаттық сауал жолдаған. Оның 86-ы немесе 56% қанағаттандырылып, орындалған. Ал, қалған 68-і орындалу үстінде немесе оларға заңнама талаптарына сәйкес түсініктемелер берілген. Сонымен қатар, биылғы жылы азаматтардан барлығы 73 өтініш түскен. Оның ішінде 59-ы жеке, 14-і заңды тұлғалардан.

Айта кетсек, жалпы жолданған 154 депутаттық сауал, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, құрылыс, инфрақұрылым, қаржы және экономика, білім, денсаулық және әлеуметтік салаға бағытталған.

 

Автор: admin