• 26 ноября, 2024 4:51 дп

Тұран ауданы тұрғындарының өтініші назардан тыс қалмайды!

Автор:admin

Окт 9, 2023

Биыл Шымкент қаласы Тұран ауданында 39 көшеге асфальт, 85 көшеге шағал тас төселеді. Бұл туралы қала әкімдігінің салаға жауапты басшылығы Тұран ауданы тұрғындарымен есептік кездесуі барысында мәлімдеді. Аталған жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспардың орындалу барысы баяндалды. Шымкент қала әкімінің 2021-2025 жылдарға бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, Тұран ауданының инфрақұрылым, соның ішінде жол жөндеу жұмыстарына 8,4 миллиард теңге қаржы қаралған. Жалпы 2021-2025 жылдар аралығында ұзындығы 189 шақырымды құрайтын 126 көше асфальттанады. Былтыр ауданда 19 шақырымды құрайтын 21 көше асфальтталып, 26 шақырымды құрайтын 36 көшеге шағал тас төселген. Ал, биылғы 2023 жылы 19,1 шақырымды құрайтын 31 көше асфальталады және 85 көшеге шағал тас төселеді деп күтілуде. Қазір аудан аумағындағы 20 елдімекеннің тұрғындары тұрақты түрде сапалы ауыз су тұтынуда. Биыл Құрсай шағынауданын тіршілік нәрімен қамту жұмыстары аяқталады. Осыған дейін су жүйелерінің 92 %-ы, яғни 151 шақырымы тартылған. Жоспар бойынша ауданның ауызсумен қамту көрсеткіші жыл соңына дейін 100 пайызды қамтитын болады. Ал, сапалы электр қуатымен елдімекендердің 99,5 пайызы қамтамасыз етілген. Бүгінде Құрсай шағынауданының жаңақұрылыс аумағын сапалы жарықпен қамту мақсатында жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс келесі жылға өтпелі. Былтырғы жылы Ақтас, Ақтас-2 және Ақжар, Арғымақ елдімекендерін газдандыру құрылысы аяқталған. Қазіргі уақытта «ҚазТрансГаз» тарапынан құбырларға сынама жұмыстары жүргізілуде. Табиғи газ аталған шағынаудандарға жылу маусымына дейін берілетін болады. Айкөл, Құрсай, Жаңаталап шағынаудандарының жаңақұрылыс аумағын газдандыру үшін бүгінде жобалау сметалық құжаттамасы әзірленуде. Аудан 2025 жылы көгілдір газбен толық қамтылатын болады. Мұрат Дүйсенбекұлы халық тарапынан түскен барлық сұрақтарға жауап беріп, жаңа ауданның инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жоспарларды түсіндірді. Сондай-ақ аудан әкіміне басқарма басшыларымен тығыз жұмыс жүргізіп, азаматтардың талап-тілектеріне қатысты шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin