• 25 ноября, 2024 8:21 пп

Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан

Автор:admin

Июл 14, 2024

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында қоғамдағы зорлық зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керектігін айтқан болатын. Осы орайда Шымкент қаласының әкімдігі отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу бойынша кешенді жұмыстар атқарып келеді. Қабылданып жатқан заң жобасы, тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқы сақталып, тұрмыстағы қысымды болдырмауға көмек болатыны сөзсіз. Осындай ұзақ төзудің соңы әйелдің денсаулығына зиянын тигізіп жатады. Мәселен біздің орталыққа әйелдердің басым бөлігі жағдайдың ушығып, бар амалы таусылған сәтінде барып хабарласады. Тіпті күйеуінен  немесе оның туыстарынан қаймығып  қоңырау шалуға қорқатынын, олармен біздің сөйлесуімізді өтінетіндер де бар, мүмкіндігінше отбасын сақтап қалу мақсатында ол әйелдің жолдасымен, қажет болса туған-туыстарымен әңгімелесіп, татуластыру жұмыстары жүргізіледі. Зорлық көрген әйелдер балаларын алып, үйінен, жып-жылы шаңырағынан кетуге мәжбүр, не үшін? Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен дағдарыс орталықтары жұмыс істейді, ал агрессор ер азаматтармен жұмыс жүргізілмейді. Осыған байланысты біздің елімізде пилоттық жоба ретінде арнайы жоба қолға алынып жатыр. Осы бағдарлама аясында отбасындағы агрессияның пайда болуының негізгі себебі анықталып, жақындарына қол көтеріп үйренген ер адамға ашуды жеңудің әдіс-тәсілдерін үйретеді. Психолог, психотерапевт мамандар оның ызасы не себепті пайда болғанын, неге біреуді ұруға әуес екенін зерттейді . Негізгі мақсаты – агрессордың істеген зорлық-зомбылығының қылмыс екеніне көңіл аудартып, мойнына жауапкершілікті алуына және келешекте осындай қатыгездікке қайта бармауына ықпал ету. Осы пилоттық жоба нәтижелі болса, бүкіл Қазақстанда жүзеге асырылады. Осындай сабақтарды, заң аясында барлық агрессор ер азаматтарды оқытуды міндеттеу керек деп ойлаймын. Әйелдер мен балалар отбасының ең әлсіз мүшелері болғанымен, олар жанұяның негізгі құраушылары. Әйелдерге жасалатын зорлық зомбылық тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның алдында тұрған қатер. Қоршаған ортада болып жатқан мән-жайларға бейжай қарамай құқық бұзушылықпен, зорлық-зомбылыққа қарсы күресу әрбір азаматтың өз ар-ұяты алдындағы борышы. Зорлық-зомбылық – жалпыға ортақ мәселе және бұл аналардың қасіреті, бұл – бүлінген тағдырлар. Келешекте өзі құрған шаңырақты шайқалтпасын десек, қыз баланың тәрбиесімен бірге, ұл баланың тәрбиесіне ерте жастан көңіл бөлу қажет. Әр жеткіншек қыз бала мен ананы сыйлауды, әйел затын қадірлеуді бала күнінен бойына сіңіріп өссе, отбасында зорлық-зомбылыққа орын болмас еді.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin