Жалпы, Шымкент қаласы – республиканың ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Бүгінде өнеркәсіп саласында 700-ден астам кәсіпорындар белсенді жұмыс жасауда. Тәуелсіздік алғаннан бері Шымкент қаласының өнеркәсібі – экономиканың негiзiн қалайтын және айқындайтын секторлардың бiріне айналды. Өткен жылдың өзінде өнеркәсіп саласының үлесі жалпы өңірлік өнімнің төрттен бірін құрады. Бүгінде кәсіпкерлікті қолдауға арналған көптеген бағдарламалардың арқасында бизнестің биігіне шығып, нәпақасын арттырып отырғандар көп. Кәсіпкерлер көбейсе ел экономикасының көсегесін көгертпек. Бұл дегеніңіз табыс, салық, кіріс, одан қалса жұмыссыздардың қатарын азайтуға да септігін тигізеді. Алғашқы тәуелсіздік жылдары қаладағы өнеркәсіп орнымен 9,9 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, өткен жылдың қорытындысымен өнеркәсіп өнімнің көлемі 654,2 млрд теңгеге дейін жетіп, 66 есе өскен. Биыл бұл көрсеткішті 700 млрд теңгеден асыру жоспарланған. Сондай-ақ тәуелсіздік алғалы бері Шымкентке 2,5 трлн теңге инвестиция тартылған. Қазір қала аумағында 2,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 17 шетелдік инвестициялық жоба іске асырылды. Соңғы екі бесжылдықта 184 млрд теңгеге 105 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, онда 7,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту үшін кәсіпкерлерге және инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында елімізде алғашқы болып үшінші мегаполисте «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялық аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылып, тиімді жұмыс жасауда. 1991 жылы Шымкент қаласында 6 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болса, онда жұмыспен қамтылғандар саны 35 мың адамды құраған. Тәуелсіздіктің 30 жылында шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіш бүгінде 7 есе өсіп, олардың саны 70 мыңға, ал онда жұмыспен қамтылғандар қатары 164 мыңға толыққан. Бүгінде Шымкент өнеркәсіп пен сауданың орталығына айналды.
Jsk ақпарат