ЭЫДҰ мен Дүниежүзілік банктен бөлек, қаржылық сауаттылық деңгейін Standard & Poor’s рейтингтік агенттігі төрт базалық қаржылық тұжырымдама бойынша бағалайды: қаржылық математиканы, проценттің күрделі мөлшерлемесін, инфляцияның әсерін және тәуекелдерді әртараптандыруды түсіну. Аталған ұйымның бағалауынша, әлемдегі қаржылық сауаттылықтың орташа деңгейі 33 пайызды құраған. Ал Қазақстанда көрсетілетін қаржылық қызметтерді пайдалана білу және қаржы жүйесі туралы жалпы хабардар болу көрсеткіштері төмен деңгейде екені анықталған. Бұл мәселені шешу үшін ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үкіметтің қаулысымен бекітілген «Қаржылық сауаттылықты арттырудың тұжырымдамасы» шеңберінде жұмыс істеп жатыр. Тұжырымдама негізгі төрт бөлімнен тұрады: «Ағымдағы ахуалды талдау және үрдістер», «Мақсаттар, міндеттер, және негізгі қағидаттар», «Басым бағыттар, тақырыптар және нысаналы топтар», «Күтілетін нәтижелер және тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері». Осының негізінде іске асырылған нәтижелі жобалардың бірі – FinGramota.kz сайты. Сайт қаржылық сауаттылық деңгейі мен қаржылық мүмкіндіктері әртүрлі аудиторияға, барлық әлеуметтік топтарға арналған. Ол Facebook, Instagram, Telegram, YouTube, Aitube, TikTok сынды танымал әлеуметтік желілерде де ақпарат таратуда. Сайттан бөлек, Fingramota Online мобильдік қосымшасы да бар. Ол тұтынушылардың құқықтарын, мүдделерін қорғаумен және қаржы реттеушілерінің халықпен, бизнеспен өзара байланысын қамтамасыз етумен айналысады. Қосымшаны App Store, Play Market-тен жүктеп алуға болады. Мұндай цифрлық ресурстардан бөлек, несие алудағы, инвестициялық сауаттылық, онлайн-алаяқтық пен қаржы пирамидаларынан сақтану тақырыптарында тренингтер, дәрістер, вебинарлар, басқа да оқыту шаралары тұрақты өткізілуде. Дәл осы әдіс өңірлерде белсенді жүргізіліп жатыр. Оған қоса, медиа ортамен байланысқа да көп көңіл бөлінуде. Қаржылық сауаттылықтың негізгі аспектілерін ашу мақсатында журналистер мен БАҚ өкілдері үшін семинарлар, брифингтер және дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылып жатыр. Әлбетте, мектеп бағдарламасына енгізіліп жатқан пәндерді де атап өткен дұрыс. Тұжырымдама шеңберінде жүргізілетін іс-шаралардың тиімділігін бағалау үшін жыл сайын әлеуметтанушылар зерттеулер жүргізіп, соның негізінде мониторинг жасайды. Осы есепке сүйенсек, Қазақстанда соңғы үш жылда қаржылық сауаттылық деңгейі 39 пайыздан 40,2 пайызға дейін өскен. Яғни, нәтижелер көрініп жатыр.
Jsk ақпараттық орталығы