• 21 ноября, 2024 9:17 дп

“ШЫМКЕНТКЕ КЕЛУГЕ 10 СЕБЕП”: туризм басшысы Шымкенттің ТОП-10 ерекшелігін атады

Автор:admin

Фев 1, 2022

Шымкент келушілерді несімен қызықтырады? Туристерді тартатын ең негізгі нысандар қайсы? Шырайлы қаланың 10 ерекшелігін Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров өзінің инстаграм желісіндегі (@kydyrov_yerlan) парақшасында атап өтті.

Басқарма басшысы өз жазбасында: “Шымкент — мезгілдің барлық уақытында да келуге қолайлы. Олай болса, «Шымкентке не үшін келемін?» деген сұрақ туындаса, бізден Шымкентке келуге 10 себеп болсын:

1. Қонақжай тұрғындары. Біз үшін әр турист – қонақ. Қонақжайлылық – біздің басты ерекшелігіміз.
2. Шуақты күндер. Шымкентте 365 күннің 300 күні шуақты күндер болып саналады.
3. Қонақ үйлердің саналуандығы. Хостелдерден бастап, халықаралық стандартқа сәйкес 5 жұлдызды қонақ үйлерге дейін таңдау мүмкіндігі бар.
4. Қолжетімді баға мен дәмді тағам. Шымкент – Қазақстанның гастрономиялық орталығы. Дәмді тағамдары – сізді таң қалдырары сөзсіз.
5. Тарихи-мәдени құндылықтары. 2200 жылдық тарихы бар қала сакралды туризмге бай. Оған дәлел, Қ. А. Ясауидің ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ананың кесенелері, Цитадель, Мәртөбе, Қызыр мұнарасы – біздің негізгі тарихи орындарымыз.
6. Дендрологиялық саябақ. Елімізде алғаш ашылған, жасыл желекке толы ауқымды демалыс орны. Қала қонақтарына табиғат аясында серуендеуге мүмкіндік береді.
7. Шымкент – оңтүстік өңірінің туристік орталығы. Қала маңына Ақсу Жабағылы қорығы, Сайрам-Өгем ұлттық саябағы, Қасқасу, Біркөлік сынды табиғаты тамаша демалыс аймақтары мен киелі Түркістан жақын орналасқан.
8. «Қошқар ата» өзені. Жанға шипа, дертке дауа болатын бұлақ суы — Шымкент қаласынан бастау алады. Өзеннің басты ерекшелігі — қысы-жазы орта есеппен 11 градус температураны ұстап тұратын табиғаттың кереметі.
9. Ойын-сауық туризмі. Теннис, ипподром, мұз айдыны, аквапарк, зоосаябақ, цирк, стендтік ату, картинг, параплан, парашюттен секіру, тікұшақпен қаланы биіктен көру, театрлар мен музейлер сынды нысандар – отбасымен қызықты уақыт өткізуге мүмкіндік береді.
10. Қызғалдақтар мекені. Көктемде кілемдей төселген қызғалдақтар – келушілердің көз жауын алады”, — деген пост қалдырған.

Jsk ақпарат

Автор: admin