• 23 ноября, 2024 7:01 дп

Шымкентке 2 триллион теңге инвестиция тартылған!

Автор:admin

Июл 9, 2023

Қазақстанда 400 мыңнан астам адам қант диабетімен сырқаттанған болса, соның ішінде 40 мыңдай науқас күнделікті түрде инсулин қабылдауға мәжбүр. Мемлекет мұндай адамдарды арнайы диспансерлік есепке алып, күнделікті салынатын инсулин мен оның шприцтерін тегін береді. Сол себепті еліміз 2021 жылға дейін жылына 15 миллион дана инсулинді шрпицті шет елдерден импорттап келген болатын. 2021 жылдың соңына қарай Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриалды аймағында инсулинді шприцтер мен оның инелерін өндіретін зауыт ашылды. «ЭкоФарм» компаниялар тобына қарасты «GREEN CROSS ECO» компаниясының зауытын ашуға 2 миллиард теңге инвестиция құйылған. Мұнда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өткен 2022 жылы зауыт 60 миллион дана инсулин шприцтері мен инелерін және иммуноферментті анализдің 500 мың диагностикалық жиынтығын өндірді. Осылайша, Шымкентте ашылған инновациялық кәсіпорын импортты алмастыруымен шектелмей, өз өнімдерін экспортқа да шығара бастады. Бұл – Шымкент республикалық маңызға ие қала мәртебесін алып, мегаполис атанғалы ашылған ондаған кәсіпорындардың біреуі ғана. Бес жылдың ішінде Шымкентте тек өнеркәсіп саласы ғана емес, шағын және орта бизнес, құрылыс, сауда және қызмет көрсету мен аграрлық салалар да қарқынды түрде дамып отыр. Соның айғағы ретінде қала экономикасына 5 жылда 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылғанын айта аламыз. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Мәселен, Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының деректері бойынша, 2018 жылы шаһар экономикасына 184,6 миллиард теңге инвестиция тартылған болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 549,3 миллиард теңгеге жеткен. Аталған басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, биыл алғашқы төрт айдың өзінде Шымкентке 134 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Биылғы жылдың соңына дейін Шымкент экономикасына 721,7 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға жоғары болмақ.

Jsk ақпарат

Автор: admin