• 27 ноября, 2024 2:32 дп

Шымкент қаласы жыл санап түрленіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп, өркендеп келеді. Халқының саны да бұрнағы жылдармен салыстырғанда едәуір артып, ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігі де жақсара түсуде. Иә, Шымкент қаласының тұрғындары да шаһардың гүлденіп, көркейіп келе жатқанын айтуда. Бүгінгі Шымкент – мемлекетіміздің өндірістік қарқындылығын арттыруда айрықша үлес қосатындықтан экономикалық даму саласында маңызды рөл атқарып отырғаны сөзсіз. Сонымен қатар мақта-тоқыма шаруашылығы, фармацевтикалық және мұнай өңдеу кластері аясында жоғары технологиялық, бәсекеге қабілетті өнім өндіретін қала ретінде еуразиялық континенттегі халықаралық транзиттік орталықтың біріне айналуға мүмкіндігі зор. «Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай» халықаралық күре жолының Оңтүстік Қазақстан аумағындағы құрылысы Шымкенттің тиімді бизнес-орталыққа айналуына және кеңейтілген серіктестік қарым-қатынастар орнатуына жол ашады. Сондай-ақ қаладағы жаңадан құрылған индустриялық аймақта заман талабына сай өнеркәсіп орындары жүзеге асырылуда. Қаланың жүріп өткен даңғыл жолына зер салып қарайтын болсақ, іс басында тұрған азаматтарды, олардың сіңірген еңбектерін тілге тиек етсек дейміз. Әлгі күнге дейін ел қаламыздағы «Д.Қонаев даңғылын, «Нұрсәт» шағынауданының тұрғызылуын Болат Жылқышиевті, Гүлзарлар мен саябақтардың ретке кел­тірілуін Өмірзақ Шөкеевтің, «Даңқ» мемориалдық кешені мен Тәуел­сіздік саябағын құрылуын Асқар Мырзахметовтің есімдерімен байланыс­тырып, жылы пікірлер айтады. Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтан бүгінгі шымкенттіктерге мұра болып қалған Демалыс аймағы да осы бір қолтаңбаға мән беру үрдісіне негіз қалағандай. Аталған азаматтардың Шымкент қаласын көркейтудегі атқарған қызметттері сан-салалы. Ал сол өнегелі жолдар, дәстүрлер өз бағыт-бағдарымен дамып келеді. Уақыт бір орында тұрмайды, заман да уақытпен бірге алға жылжиды. Қаланың өзіндік келбеті де түрлене түсетіні заңдылық. Бүгінгі басшыларға да жүктелер міндет аз емес.  Шымкент қаласын мегаполиске айналдырудың бір жолы ретінде қалаға іргелес жатқан Сайрам, Төлеби және Ордабасы аудандарынан 40 ауыл қосылғаны белгілі. Айта кету керек, ол елді мекендердің көпшілігінде инфрақұрылым жоқ десе де болғандай. Арасында жолсыз, жарықсыз, газсыз, сусыз отырғандары баршылық. Шымкенттің экономикалық және әлеуметтік дамуын қолға алған кезде бұл ауылдардың мәселесіне көз жұма қарау мүмкін емес. Солардың бірі ретінде Қаратау ауданына қарасты аумақта тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау мәселесі туындағаны белгілі. Қала әкімі баспасөз хатшысының келтірген мәліметтеріне сүйенсек, қазір бұл аудан аумағында санитарлық тазалық жөнінен 10 лот бойынша күнделікті жұмыс атқарылуда. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен 5 мекеме айналысуда. Ал Қайнарбұлақ саяжайын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 402,2 млн теңге бөлініп, тиісті ғимараттар салу ісі қолға алынған. Бұл жұмыстарды «Арт-құрылыс» ЖШС жүргізуде. Сонымен қатар Қайтпас шағынауданын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 276,2 млн теңге бөлінген. Экономикалық, инфрақұрылымдық мәселелерді тілге тиек етіп отырған соң, Ақжайық шағынауданына ауызсу құбырын жүргізуге облыстық бюджеттен 70651 теңге қарастырылып отырғанын, 69,5 млн теңге бөлінгенін айта кеткеніміз жөн. Құрылысты жүргізу «Шаңырақ» ЖШС мекемесіне жүктелген. «Мирас» шағынауданындағы ауызсу жүйесі үшін де облыстық бюджеттен 333,1 млн теңге қаралып, 196,9 млн бөлінгені де құптарлық мәселе. Қазіргі таңда «Grantel LTD» ЖШС мекемесі құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Елдің әлеуметтік мәселесін шешуге өнеркәсіп орындарының көптеп ашылуы өзіндік септігін тигізеді. Бұл орайда мегаполис ретінде Шымкенттің индустриалды-инновациялық жоба-жоспарлары әрі қарай да жүзеге аса бермек.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin