• 16 ноября, 2025 3:54 пп

Шымкентте аса ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіленді

Автор:admin

Окт 3, 2025

Көптеген құқық бұзушылық ұқсас жағдайда, бірдей факторлардың әсерінен орын алады. Тиісті деңгейде талдау жасалса, оны дер кезінде ауыздықтауға болады. Басқаша айтқанда, қылмыс қаупін болжау және оған қарсы іс-қимыл жүйесін қайта қарау керек. Ол үшін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Аталған ведомство жай ғана есеп сақтайтын орын емес, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерді анықтайтын және ескертумен айналысатын орталық болуға тиіс деп айтқан болатын Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Мемлекет басшысы өз Жолдауында есірткіге қарсы күреске әрдайым баса назар аударатыны белгілі. «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес.

Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады», — деді Президент.

Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек.

Шымкентте аса ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіленді, — деп хабарлайды Jsk.kz ақпараттық агенттігі. Шымкент қаласы полиция департаменті «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында «Заң және Тәртіп» қағидаты негізінде есірткі қылмысына қарсы күресті белсенді түрде жалғастыруда.   Мәселен, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қала аумағында синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысқан екі шетел азаматын ұстады. Жалға алынған автокөлікті тексеру барысында сатуға дайын күйде оралған мефедрон психотроптық заты салынған 22 пакет тәркіленді. Бұдан бөлек, күдіктілер алдын ала дайындап қойған жасырын орындардан тағы 46 есірткі орамасы табылды. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы 200 грамнан асты. Есірткі қылмысына қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар жедел іс-шаралар аясында Түркістан облысының 20 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның күртешесінен сатуға арналған шамамен 70 грамм мефедрон табылды. Одан бөлек, қыркүйек айында аса ірі көлемде психотроптық заттарды таратумен айналысқан жергілікті тұрғын да ұсталды. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері басталды. Шымкент қаласы полиция департаменті есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен сол тектестердің заңсыз айналымы үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Автор: admin