• 12 апреля, 2025 8:39 пп

ШЫМКЕНТТЕ АҚСАҚАЛДАР ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ МЕН ҰЛТТЫҚ КЕЛІСІМ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Автор:admin

Апр 11, 2025

 

Шымкент қаласындағы «Достық» үйінде «Бейбітшілік пен келісім туралы ақсақал тағылымы» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті.

Іс-шараны Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Айгерім Жұмағұлова ашып, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы жастар тәрбиесінің маңызын атап өтті. Жиынға қалалық Ассамблея жанындағы ақсақалдар, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері мен жастар өкілдері қатысып, қоғамдағы маңызды әлеуметтік, этносаралық және тәрбиелік мәселелер жөнінде өзекті ойларымен бөлісті.
Жиынға төрағалық еткен Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев жиынның басты мақсатын жеткізді. Оның айтуынша,ел ішіндегі татулықты сақтай отырып, жас буынға ұлттық бірлік пен бейбітшілік құндылықтарын сіңіру маңызды.

Отырыста алғаш сөз алған ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Нышан Байғұтов Ұлттық Құрылтайдың IV отырысынан туындайтын міндеттерге тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тәрбиелеу жобасын кеңінен насихаттау керектігін айтты. Ол білім мен тәрбие тең жүрмеген қоғамда жастардың адасу қаупі жоғары екенін, сондықтан барлық оқу орындарында тәрбиелік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуын қамтамасыз ету қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, ономастика саласындағы ретсіздікке тоқталып, тарихи атауларға құрметпен қараудың маңызын ерекше атап өтті. Ал Шымкент қаласы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әліпжан Боранбайұлы да жастар тәрбиесіне тоқталып, нашақорлық, құмар ойындар сынды қоғамды улап жатқан келеңсіздіктермен күресте ақсақалдардың белсенді болу қажеттігін айтты.

– Жастарға өнеге көрсету, дұрыс бағыт беру – ақсақалдардың басты міндеті. Қазір жастар арасында теріс әдеттер көбейіп кетті. Мұның алдын алу үшін біз үнемі кеңес беріп, тәрбиелік кездесулер ұйымдастырып келеміз. Сонымен қатар, ысырапшылдық мәселесі де күн тәртібінен түспеуге тиіс. Той-томалақты дарақылыққа айналдырмай, ұлттық дәстүрімізге сай өткізу қажет. Біз өзіміз арқылы ұрпаққа үлгі бола аламыз, – деді ол.
Бұдан бөлек, жиын барысында ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі Қайрат Анарбаев, Аналар кеңесінің мүшесі Зәуре Оралбаева, «Жас ғалымдар» клубының жетекшісі Шолпан Торғаутова және «Ассамблея жастары» ұйымының Шымкент қалалық жетекшісі Гулистан Сейдахметова мазмұнды баяндама жасап, этносаралық келісім, әлеуметтік кеселдермен күрес, жастардың рөлі және ынтымақтастық мәдениетін қалыптастыру жөнінде маңызды ұсыныстарын ортаға салды.
Іс-шара соңында ақсақалдар мен жастар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты арттыру, ұлттық құндылықтар мен тәрбиені дәріптеу жөнінде бірқатар нақты ұсыныс айтылып, қатысушылардың пікірі тыңдалды.
Бұл отырыс елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауда ақсақалдардың алар орны айрықша екенін тағы бір мәрте көрсетті. Ассамблея жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мұндай бастамалары жастардың санасына ұлттық бірлік, елжандылық пен бейбітшілік идеяларын сіңіруге бағытталған маңызды қадам болмақ.

Автор: admin