Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясат аясында Шымкентті индустриалды қала ретінде дамытуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қабылданған «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламалары табысты іске асып келеді. Бұл қала экономикасының дамуына үлес қосып, халықты жұмыспен қамтуға, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Іске қосылған кәсіпорындардың қатарында жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіретін SAGITEX GROUP ЖШС фабрикасы бар. Жобаға 337 млн теңге инвестиция тартылған. Жылына 400 000 дана ішкиім өнімдерін тігіп, сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. Өндіріс орны үшін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтан 1 гектар жер берілген. Мұнда әзірге 11 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылған. Сонымен қатар осы күні автомобиль шыныларды жасап, монтаждаумен айналысатын «Балкибеков» ЖК жұмысын бастады. 20 жұмыс орны ашылған кәсіпорынға 40 млн теңге инвестиция тартылған. Енді мұнда жыл сайын 5 000-нан аса шыны шығарылатын болады. Мереке қарсаңында ашылған зауыттың бірі – KASPY STEEL ЖШС. Металл бұйымдарын құюмен айналысатын кәсіпорында 40 адам жұмыспен қамтылып, инвестиция көлемі 400 млн теңгені құраған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1 000 тонналық металл өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Ал TABA INDUSTRIAL ЖШС «Тассай» индустриялық аймағында орналасқан. Жобаға 498,8 млн теңге инвестиция тартылып, 65 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Мұнда жылына 150 000 дөңгелек, 300 000 бақша арбасы, 60 000 баспалдақ шығарылатын болады. Осы күні «СК-АЙМАҚ» ЖШС шкаф жиһазы өнімдері мен құрылымдары өндірісін іске қосты. Кәсіпорын жобалаудан бастап дайын өнім шығаруға дейін толық технологиялық циклын жүзеге асырады. Жобаның инвестиция көлемі – 500 млн теңге, онда 50 жұмыс орны құрылған. Жобалық қуаттылығы жылына 7 000 жиһаз өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру үшін «Тассай» индустриялық аймағынан 1,8 гектар жер бөлініп отыр. Айта кетейік, бүгінде «Тассай» индустриялық аймағында жалпы құны 28,1 млрд теңгені құрайтын 18 жоба іске асырылып, онда 800-ге жуық жұмыс орны ашылған. Аталған жобаларға «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында қолдау көрсетілген. Жыл соңына дейін қосымша 70 жаңа жұмыс орнымен 2 инвестициялық жоба іске қосылатын болады. Ал «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бүгінге дейін 2 293 жаңа жұмыс орнымен 26 жоба жүзеге асырылған. Жыл соңына дейін 12 млрд теңгеге 5 жобаны іске қосып, 290 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Jsk ақпарат