• 21 сентября, 2024 5:24 дп

Шымкентте бәсекеге қабілетті экономика – жаңа жобалар мен мемлекеттік қолдауға ие!

Автор:admin

Июл 14, 2023

Шымкентте жалпы құны 31,8 млрд. теңгені құрайтын 31 ірі жоба іске асырылып, 1 600-ден астам тұрақты жаңа жұмыс орындары құрылады. Атап айтқанда, жаңадан 10 өндірістік жылыжай кешені іске қосылады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласындағы заман талабына сай жобалар жүзеге асырылады. Осының барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берілген тапсырмалар аясында жүзеге асырылуда. Осы орайда Президент өз Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, олар – жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс. Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек. Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында» деген болатын. Сондықтан Мемлекет басшысының берген тапсырмалары негізінде мегаполисте агроөнеркәсіп кешенін заман ағымына сай дамыта беретін боламыз, – деді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысы Әбунасыр Жанбатыров. Жоғарыда аталған кәсіпкерлік нысандарының ішінде қосымша 3 қарқынды алма бауы (ЖК Терещенко, «Кентау» ЖШС, «Мәртөбе» АӨК), 1 жеміс-көкөністі қайта өңдеу цехы («Дары Сайрама» ЖШС қуаттылығы-3 тн/сағ), 2 құс шаруашылығын кеңейту жобасы («Тассай құс» ЖШС — 50 млн дана жұмыртқа өндіру, «Султанкулов» ЖК — 500 тн бройлер етін өндіру), 2 тауарлы сүт фермасы («Эгамназаров» ЖК — 200 бас, «Корно» — 1 ӨК — 50 бас), 10 мал бордақылау («Абдукаримов» ЖК –1 000 бас, «Наркулов» ЖК — 500 бас, 8 жоба — 25 бастан жоғары), 2 балық шаруашылығы («Ал-Тур-Су» АӨК, «Алина» ШҚ) секілді бизнес жобалар да бар.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin