• 3 июля, 2025 12:47 пп

ШЫМКЕНТТЕ ЗАМАНАУИ ЛИФТ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ САЛУ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ

Автор:admin

Июл 3, 2025

 

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков лифт жабдықтарын өндіруде жетекші орын алатын халықаралық “CANNY Elevator Co Ltd” компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында компания Шымкент қаласында заманауи лифт шығаратын зауыт салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді.

Ал жобаның жалпы инвестиция көлемі — 15 миллион АҚШ доллары. Кәсіпорын жылына 1000 лифт өндіруді жоспарлап отыр. Алғашқы кезеңде 30 жаңа жұмыс орны ашылады.

Екі жақты кездесуде ынтымақтастықтың келешегі мен қаламыздың негізгі артықшылықтары талқыланды. Нақты айтқанда, дамыған өндірістік инфрақұрылым, тиімді географиялық орналасу және негізгі көлік дәліздеріне қолжетімділік жағынан маңызды. Осы орайда қала басшысы қала атынан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенімізді жеткізді.

Бүгінде “CANNY Elevator” компаниясы аса жылдам лифт пен биік эскалаторлар технологиясын белсенді түрде дамытып келеді. Олар инновациялық инженерлік шешімдер мен қауіпсіздік стандарттарына айрықша көңіл бөледі. Компания өнімдері Ресей, Оңтүстік-Шығыс Азия, Оңтүстік Америка елдері және басқа да 100-ден астам мемлекетке жеткізіледі.

Осы орайда қала басшысы аталған зауыттың іске қосылуы Шымкенттің индустриялық әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық мүмкіндіктерді арттыруға және қаланың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге сеп болатындығына сенім білдірді.

Автор: admin