• 9 сентября, 2025 9:01 пп

Шымкентте кәсіпкерлер мен инвесторларды қолдау мәселелері талқыланды

Автор:admin

Сен 9, 2025

 

«Qyzgaldaq saraiy» ғимаратында кәсіпкерлер мен инвесторларды қолдауда атқарылған жұмыстардың тиімділігіне қатысты алқа мәжіліс өтті. Алқалы жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, мемлекеттік орган басшылары мен бизнес-қоғамдастық өкілдері, компания басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.

«Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткен жиында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үшінші мегаполистегі бизнесті дамыту мен инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.

«Елімізде бизнесті дамытуға, инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылып, қолдау көрсетіліп келеді. Жалпы, тұрақты бизнес-ахуал сенімділік арқылы орнығады. Осыған орай прокуратура органдары тарапынан кәсіпкер өзінің құқығы, заңды мүддесі қорғалғанын сезініп, оның еңбегі қаламызға және қоғамға пайда әкелуіне талпынамыз. Біздің мақсатымыз – әр инвестициялық жобаның заңды, ашық және әділ дамуына жағдай жасау», – деді қала прокуроры Ғабит Мұқанов.

Жиын барысында кәсіпкерлер мен инвесторлардың өзекті мәселелері қаралды, бітіруші түлектерді жұмыспен қамту тақырыбы қозғалды. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндірді. Ал кәсіпкерлер мен компания басшылары индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалары туралы баяндады, өнімдерін таныстырды.

«Біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанның инвестициялық тартымды мемлекетке айналуы. Осы орайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Интерактивті инвестициялық карта жасап шықты. Картаның көмегімен әр инвестициялық жобаның қалай жүзеге асырылатынын кезең-кезеңімен бақылауға болады. Әр түрлі деңгейдегі және құзыретті мемлекеттік органдар, қажет болған жағдайда картамен танысып, проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдарын анықтай алады. Осы орайда инвесторларды өз жобаларын әрі қарай тиімді жүзеге асыру үшін Инвестиялық картаға қосылуға шақырамын. Сонымен қатар, мемлекет пен кәсіпкерлік сектордың өзара тиімді әріптестігі нақты оң нәтижелер беруде. «Іскерлік климат» рейтингі аясында жүргізілген тоқсан сайынғы сауалнама деректері Шымкент қаласының мегаполистер арасында инвестициялық тартымдылық бойынша айтарлықтай серпіліс жасағанын көрсетті. Жергілікті атқарушы органдардың инвестициялық қызметті сүйемелдеуді күшейтуге бағытталған мақсатты жұмыстарының нәтижесінде кәсіпкерлік орта барған сайын қолайлы бола түсуде», – деді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Жиын соңында Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов бизнестің құқықтарын қорғау ісіне қосқан үлесі үшін Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова мен бөлім басшысы Әзілхан Жаримбетовты және бірқатар кәсіпкерді марапаттап, Алғыс хат табыстады.

Автор: admin