• 9 сентября, 2025 7:42 пп

Шымкентте көлік қозғалысына кедергі келтірген бұзақы жауапқа тартылды

Автор:admin

Авг 14, 2025

Шымкентте көлік қозғалысына кедергі келтірген бұзақы жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Jsk.kz ақпараттық агенттігі. Жол қозғалысы қағидалары мен қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған 20 жастағы автокөлік жүргізушісін полицейлер бейнебақылау камералары арқылы анықтады. Ер адам көлік қозғалысы көп көшеде авариялық жағдай туғызып, өзге жүргізушілерге қауіп төндірген. Заңсыз қайта жабдықталған көлік құралынан қою түтін шығарып, жолды көру мүмкіндігін нашарлатып, қозғалыс қатысушыларына кедергі келтірген. Патрульдік полицейлер құқық бұзушыны тоқтатып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің бірнеше бабы бойынша, соның ішінде ұсақ бұзақылық үшін хаттамалар толтырды. Ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оның темір тұлпары айыппұл тұрағына қойылды. Полиция қоғамдық тәртіп пен жол жүру ережесін қатаң сақтау қажеттігі туралы еске салады. Осы орайда Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары құқық бұзушы­лықтың алдын алу мәселесіне баса мән бергені жөн деп санайды.

– Қылмыстардың негізгі себебі көбіне қоғамға жат әре­кеттерден туындайды. Сон­дықтан заңды бұзуға бейім азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізу маңызды. Сондай-ақ олардың қоғамдық тәртіпке қайшы істеріне түрткі болатын алғышарттарды түгел жою қажет. Бірақ бүгінде қылмыстың алдын алу шаралары тиімді жүргізіліп жатқан жоқ. Мұны мойындау керек. Сондықтан жүйені түбегейлі жаңарту қажет. Осы ретте қауіпті топтарға жататын азаматтардың басым бөлігі назардан тыс қалып қояды. Ал кейбір алдын алу шаралары шектеу-мәжбүрлеуден әрі аспайды. Мұндай жұмыстар жергілікті жерлерде жүйесіз жүргізіліп жатыр. Нақты үйлестіру тетіктері жоқ. Құқық бұзушылықтың алдын алу саласында бірыңғай заң әзірлейтін уақыт жетті. Заң жобасында профилактикадан өтетін азаматтар тізімін толықтай қайта қараған жөн. Жауапты ор­гандардың құзыреттерін, үйлес­тіру тетіктерін, жеке профилак­тика құралдарын нақтылау қажет, – деген болатын Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруге тиіс екенін айтқан еді.

– Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Кейінгі кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек, – деген болатын Президент. Осы орайда Шымкент қаласының полиция департаменті өкілдері ішкі құрам өкілдеріне арналған, оқу-жаттығу жұмыстарын жиі өткізіп тұрады.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin