• 22 ноября, 2024 5:41 дп

Шымкентте мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы енгізілуде

Автор:admin

Ноя 11, 2024

Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және балаларға арналған білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы енгізілуде. Қазіргі уақытта осы жобаға қатысуға келісімді өңірдегі мектепке дейінгі ұйымдардың 95% — ы растады (мемлекеттік — 64, жекеменшік — 544). Қала әкімдігі мен Департамент бірлесе ұйымдастырған кездесуге қала әкімнің орынбасары, прокуратураның, білім беру сапасын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның, кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беруді қаржыландырудың жаңа тәсіліне көшу мәселесін қарастырып жатқан жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың директорлары қатысты. Уәкілетті органдардың айтуынша, пилоттық жоба ата-аналарға балалары үшін балабақшаларды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді, бұл балабақшалар арасында бәсекелестікке ынталандырады. Сонымен қатар, қаржыландырудың жаңа механизмі субсидияларды алу кезінде «өлі жандарды» тіркеуге мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ, кездесуге қатысушыларға бұл жоба балабақшаларға бюджет қаражатын уақтылы алуға мүмкіндік беретіні, бұл олардың қаржылық жоспарлауы мен дамуын жеңілдететіні туралы айтылды. Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар өкілдер пилоттық жобаға қатысу туралы шешім қабылдады. Шымкент қаласында 608 мектепке дейінгі ұйымның 589-ы бүгіннің өзінде ваучерлік қаржыландыруға көшіп үлгерді. Кезектегі балаларға ваучер беру 17 қазанда басталды. Осы кезең ішінде 4646 бала балабақшаға жолдама алды. Түркістанда орналақан барлық 144 мектепке дейінгі ұйым жаңа механизм бойынша қаржыландыруға көшті, бүгінге дейін 236 ваучер берілді. Естеріңізге сала кетейік, ваучерлік қаржыландыру жүйесі белгіленген талаптарға сай келетін барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бюджеттік қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ата-аналарға балабақшаны өз бетінше таңдау мүмкіндігі берілді, бұл тек жеке ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар арасында да бәсекелестіктің болуына ықпал етеді. Жүйе арқылы ең алдымен, бүкіл қаржыландыру процесінің ашықтығы көзделген, мұнда «ақша мекемеге емес, балаға жұмсалады» қағидасы жүзеге асырылады. Қаражатты есептеу және аудару ата-аналар баланың қатысу табеліндегі мәліметтерді растағаннан кейін ғана жүргізіледі. Келесі жылдан бастап пилоттық жоба еліміздің басқа да өңірлеріне таратылады деп жоспарлануда. Анықтама үшін: Қазақстанда 11 642 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 5 532 мемлекеттік, 6 110 жеке мектепке дейінгі ұйымдар бар. Қазір кезекте тұрған балалардың есебінен алғанда 2 жастан мектепке дейінгі білім берумен қамту 91,5 % құрайды.

Jsk ақпараттық аегнттігі

Автор: admin