• 10 ноября, 2025 11:40 дп

Шымкентте науқастың бүйрек тостағаншаларын толық бітеген тас сәтті алынды

Автор:admin

Ноя 10, 2025

 

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері 57 жастағы науқастың бүйрегінен тостағаншаларын толық бітеген тасты сәтті алып тастады. Күрделі несеп-тас ауруына шалдыққан пациентке МӘМС есебінен миниперкутандық нефролитотрипсия отасы жасалған.

– Миниперкутандық нефролитотрипсия — бүйректегі тастарды жоюдың заманауи, аз инвазивті әдісі. Ота барысында кішкене тілік жасалып, арнайы құрал арқылы тас литотрипсиямен ұсақталып, кейін бүйректен алынады. Мұндай заманауи технологияны ауруханамызда жыл басынан бері қолдана бастадық. Науқастарға ота МӘМС есебінен тегін жасалады, ал нарықтағы құны шамамен 1,5 миллион теңгені құрайды, – дейді Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасы урология бөлімінің меңгерушісі Арман Бейсенов.

Аталмыш аурухананың урология бөлімшесінде жыл басынан бері осындай 10 операция сәтті орындалған.
Дәрігерлердің айтуынша, миниперкутандық нефролитотрипсия науқастар үшін ең тиімді және қауіпсіз әдістердің бірі. Бұл әдіс науқастың қалпына келуін жылдамдатады, ауруханада ұзақ жатуды қажет етпейді және операциядан кейінгі ауырсынуды азайтады.

Дәрігерлер науқастың жағдайын үнемі бақылауда ұстап, қалпына келу процесін жеңілдетуге барынша көңіл бөледі. Миниперкутандық нефролитотрипсияның енгізілуі Шымкент қаласында несеп-тас ауруларымен ауыратын науқастарға заманауи және қолжетімді медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беруде.
#әмсқшымкент #мәмсшымкент

Автор: admin