Шымкент қаласында Отандық өнімдерді қолдау бағытында біршама кешенді жұмыстар жүргізіліп отыр. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жұмыс жасауының арқасында бүгінгі күні елімізде шығарылатын экспорттық заттардың көлемі артып отыр. Халықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету үшін көлеңкелі экономиканы, заңсыз, контрафактілер мен жасанды өнім ретінде ресми есептелмейтін экономикалық қызметті жою қажет. Бірақ іс жүзінде «сұр» импорттың ауқымы орасан әрі өсуін жалғастырып келеді. Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы талдауына сәйкес 2020-2025 жылдар аралығында қазақстандық тамақ өнімінің өндірісі 18,1%-дан 14,7%-ға төмендеген. Бұл қалай орын алды? «Сұр» импорттың теріс әсерінің бірінші себебі тауарды әкелу және айналымға кіргізуде, яғни сертификаттаудағы мемлекеттік бақылау бөлігінде заңнаманың олқылықтары. Елге әкелген уақытта импортталған жүк тұрып қалмауы үшін Кеден кодексінде қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растау арқылы өнімдерді шартты шығару (тестілеу және сертификаттау) қарастырылған. Шартты шығару тәртібі сырттан әкелу сәтінен бастап тауарларды 60 күн ішінде сертификаттау мүмкіндігін қарастырады, бұған шартты шығарылымға жатпайтын Өнімдер тізіміне енген тауарлар қосылмайды. Бүгінде шартты шығарылым ойыншықтар, велосипедтер, самокаттар, балаларға арналған басқатырғыш ойындар кірмейді. Қалған барлық өнімді елге кедендік органға 60 күн ішінде қауіпсіздік талаптарға сәйкестік сертификатын міндетті берумен шартты шығарылыммен әкелуге болады. Бірақ осы міндеттемелерді орындауды бақылау механизмінің болмауы себепті көп жағдайда импорттаушылар әкелінген тауарды тауар сертификатынан өтпей, сатып жіберуге тырысады. Мұндай ситуация адал бәсекелестікке кері әсер тигізеді. Мысалға, «QazCem цемент және бетон өндірушілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің деректері бойынша 2023 жыл ішінде Қазақстанға 125 мың тонна сертификатталмаған ирандық және қытай цементі әкелінген (деректер импортталатын цемент көлемін сертификатталған цемент көлемімен салыстыру нәтижесінде шығарылды). Бұл көлем бәсекелестікке төзе алмай, 2023 жылдың қазан айында жабылып қалған Хантау цемент зауытының өндірістік қуаттылығына тең.
Jsk ақпарат