• 31 октября, 2025 7:39 пп

Шымкентте тылдық және қаржылық қамтамасыз етудің негізгі мәселелері талқыланды

Автор:admin

Окт 31, 2025

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Шымкент қаласында орналасқан 6506 әскери бөлімінің базасында өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының тыл жөніндегі орынбасарлары, қолбасшылардың көмекшілері – қаржы басқармаларының бастықтары, Ұлттық ұлан Академиясы бастығының тыл жөніндегі орынбасары, Академияның қаржы бөлімі бастығы, сондай-ақ 5573, 6654, 3656 және 6636 әскери бөлімдері командирлерінің тыл жөніндегі орынбасарлары мен қаржы қызметтері бастықтарының қатысуымен үш күндік практикалық дайындық өтті.

Практикалық дайындық Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының тыл басқармасының бастығы полковник Тахир Исламов пен бюджетқаржы басқармасының бастығы полковник ДаулетАхметовтың жетекшілігімен өтті.

Жиынның басты мақсаты – офицерлердің кәсіби деңгейін арттыру, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, тәжірибе алмасу және тылдық әрі қаржылық қамтамасыз ету жүйесін дамыту бағыттарын талқылау болды.

Жұмыс бағдарламасы аясында қатысушылар 2026–2027 жылдарға арналған тылдық және қаржылық қамтамасыз етуді дамыту перспективаларымен танысты, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады. Практикалық дайындық барысында тылдық және қаржылық қамтамасыз ету салаларындағы заңнама мен нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Одан әрі қатысушылар республикалық бюджетті қалыптастыру тәртібімен, бухгалтерлік есепті ұйымдастырумен, қызметтік-жауынгерлік әрекеттерді қаржыландырудың ерекшеліктерімен, әскери инфрақұрылым нысандарын салу және күрделі жөндеу жұмыстарын бақылау мәселелеріменжан-жақты танысты.

Әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдауды жақсартуға бағытталған шаралар, соның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету және материалдық көмек көрсету мәселелері жеке блокта талқыланды. Ұлттық ұланның мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру және жүзеге асыру технологиясына арналған сабақ ерекше қызығушылық тудырды. Бұл – бөлімдер мен құрамалардың жауынгерлік даярлығын қамтамасыз етудегі маңызды құрамдас бөлік.

– «Мұндай жиындар тыл және қаржы бөлімшелері офицерлерінің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында тұрақты түрде өткізіледі. Бұл – тек тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен қатар бөлімдерде күнделікті туындайтын практикалық мәселелерді шешудің ортақ тәсілдерін қалыптастыру мүмкіндігі», – деп атап өтті полковник Тахир Исламов.

Сондайақ жиын аясында қатысушылар Түркістан қаласына тарихи-мәдени нысандарды аралауға барды. Бұл қатысушыларға мазмұнды оқу процесінен кейін демалып, елдің рухани мұрасымен танысуға мүмкіндік берді.

Практикалық дайындықтың қорытындысын шығару үшін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары полковник Ербол Құмарбекұлы арнайы келді. Ол дайындық деңгейіне жоғары баға беріп, алынған білім мен тәжірибені әскери бөлімдерде іс жүзінде қолданудыңқажеттілігін ерекше атап өтті.

Мұндай іс-шаралар тылдық және қаржылық қамтамасыз ету жүйесін жетілдірудегі маңызды элемент болып табылады, жеке құрамның кәсіби өсуіне және әскердің жауынгерлік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» ӨңҚ баспасөзқызметі

Автор: admin