Кез келген мемлекетте тұрғын үй мәселесі негізгі мәселелердің бірі болып саналады, себебі, азаматтарының әлеуметтік игілігі олардың тұрғын үймен қамтылуына тікелей байланысты. Қазақстан тұрғын үй саласын дамытудың бірыңғай моделін әзірлеуде, оның негізгі қағидаты әсіресе, әлеуметтік әлжуаз топтағы тұрғындар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру болмақ. Осы мақсатта елімізде тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін жаңа тұрғын үй бағдарламалары енгізілуде.
«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық табыстың түрлі деңгейіне сай келетін бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді тапсырды. Үш жыл ішінде кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға тұрғын үй беру мәселесін шешу қажет, ал тұрғын үй сатып алу үшін табысы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға беру жағдайында тұруға мүмкіндік беру қажет.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ағымдағы жылдың 1 шілдесіне қаржыландырудың барлық көздері бойынша Қазақстанда тұрғын үй құрылысына 769,8 млрд теңге инвестиция салынды, бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңінен 26,3%-ға артық. Жалпы көлемі 6 113,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 107,3% құрайды. Республика бойынша барлығы 52 282 бірлік тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде 18 996-сы – жеке тұрғын үй.
Осы мақсатта Қала әкімі М.Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, әкімшілік-іскерлік орталығында 9 қабатты үйлердің құрылыс жұмыстары қарқын алған. Бұған дейін No 9,10,11,12 тұрғын үйлердің құрылысы мерзімінде аяқталмағаны үшін әкімдік тарапынан жауапты мердігер мекемелерге ескертулер беріліп, айыппұл салынған болатын. Бүгінде олқылықтық орны толтырылып, жұмыстар аяқталуға жақын. Қала басшысы аталған орталықтағы бірнеше нысанда құрылыс барысын тексеріп, оның ішінде әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 9 қабатты No 13,14,15,16 тұрғын үйлер құрылысы мен аталған аймақтың солтүстік беткейіндегі 21,5 га жерде бой тіктейтін жаңа көпқабатты үйлердің инженерлік жүйелерін тарту жұмыстарын қадағалап, тапсырманың тиісті мерзімде бітуін талап етті. -Шымкентте 49 мыңға жуық азамат баспана кезегінде тұрғанын ескеретін болсақ, тұрғын үй құрылысын дамытуға бар күш жігерімізді салуымыз қажет»,-деді М. Әйтенов.
Jsk ақпарат