• 16 ноября, 2025 1:39 пп

Шымкентте «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр

Автор:admin

Окт 4, 2025

Шымкентте «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Jsk.kz ақпараттық агенттігі. Шымкент қаласында учаскелік инспекторлар тұрғындармен жедел байланыс орнату мақсатында заманауи коммуникациялық арналарды белсенді пайдалануды жалғастыруда. Мессенджердегі ортақ чаттар арқылы тұрғындар қоғамдық тәртіп бұзушылықтар туралы тікелей хабарлай алады. Бұл бастама өз тиімділігін көрсетіп, қоғамдық тәртіпті күшейтуге бағытталған «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында кеңінен қолданылып келеді. Мысалы, тұрғындардың бірі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерге құрылыс қалдықтарының заңсыз тасталғаны туралы чатқа хабарлама қалдырған. Учаскелік инспектор бұл мәліметке жедел әрекет етіп, құқық бұзушыны анықтады. Құқық бұзушы құрылыс қалдықтарын арнайы орынға шығарып тастады. Тұрғындар учаскелік инспектордың жедел әрі тиімді жұмысына ризашылығын білдірді. Тәртіп сақшылары мұндай шаралар халықтың сенімін арттырып, құқықтық тәртіптің нығаюына ықпал ететінін атап өтті. «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Оның аясында полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс атқарып, қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біз «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеуіміз керек. Қазақ халқы қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет. Түрік қағанаты, Алтын Орда мен Қазақ хандығы мықты мемлекеттік құрылымы, бірегей құқықтық жүйесі бар қуатты ел болғаны бәрімізге аян. Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын Ұлы даланың конституциясы деуге болады. Атадан балаға жалғасқан бұл заңдар мемлекеттілік дәстүрін нығайта отырып, қоғамдық дамуға ерекше ықпал еткен. Ұлы далада еркіндік пен әділдік, ар-намыс пен адамгершілік, тілеулестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұрған. Сондықтан «Заң және тәртіп» қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Біз ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактордың бірі.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin