• 4 марта, 2025 3:07 пп

ШЫМКЕНТТЕ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ: МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Автор:admin

Мар 4, 2025

Шымкент қаласында шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында бірқатар маңызды шаралар қолға алынуда. 2024 жылдың қорытындысымен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 137,1 мыңды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6,7%-ға артты. Бұл көрсеткіш қалада экономикалық белсенділіктің ұлғайып келе жатқанын көрсетеді. 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны 237,3 мың адамға жетіп, бұл көрсеткіш 4,3%-ға өсті. Сонымен қатар, өндірілген өнім көлемі 2 417 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға артты. Бұл шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 54,8%-ға жеткізді.
Шымкентте шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау мақсатында 2024 жылы 23,7 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржының 18,4 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 5,3 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылды. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 4156 жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде 3 657 жоба банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау арқылы, ал 480 жоба банк несиелерін ішінара кепілдендіру арқылы қаржыландырылды. Сонымен қатар, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне 95 млн теңгеге 19 мемлекеттік грант бөлінді.
2025 жылы «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға 17,5 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде, 3 600 жобаға банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 17,1 млрд теңге, 100 жаңа жобаға банк несиелерін ішінара кепілдендіруге 200 млн теңге, ал әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беру үшін 196 млн теңге бөлінетін болады.
2025 жылдан бастап Шымкент қаласында жергілікті «TALPYN» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы іске қосылады. Бағдарлама бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге жеңілдетілген несиелер беріледі. Сондай-ақ, шағын өнеркәсіп аймақтарында жүзеге асырылатын жобалар үшін жалға алу ақысын 80%-ға дейін, коммуналдық қызметтер үшін төлемақыны 50%-ға дейін төлеу қарастырылған. Осы бағдарламаның іске асырылуы нәтижесінде 300-ден астам жаңа жобалар қолдау тауып, 200 адам жұмыспен қамтылып, жылдық салық түсімдерінің 500 млн теңгеден асуы жоспарлануда.
Шымкент қаласында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, қаланың экономикалық жағдайын жақсартуға үлкен ықпал етуде. Бұл бағдарлама аясында кәсіпкерлер өз бизнестерін кеңейтуге және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарының құрылуы мен салық түсімдерінің артуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары — Тұрманов Ермек Полатұлы баяндады.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/Um0P6mts4cw?si=HN82aYFgDQX27k7E
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ

Автор: admin