• 22 сентября, 2025 6:18 пп

Шымкентте қаржылық пирамиданың жұмысы тоқтатылды

Автор:admin

Сен 21, 2025

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тар­тады» демекші, ел жұмыссыздыққа, қаржылық дағдарысқа тап болған кезде қаржы пирамидалары да қаптап кететіні заңды. Алайда, қазір соншалықты қысыл­таяң кез емес. Іздесең жұмыста табылады. Бірақ көптеген адамдардың қаржы пирамидасының қармағына түсуіне не түрткі болып жүр?! Жұртшылық жеңіл жолмен ақша табуға құнығып кеткен бе дейсің осындай кезде. Осы орайда Шымкент қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) департаменті Шымкент қаласының прокуратурасымен бірлесіп «Аяла Голд» атты қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Тергеу мәліметтері бойынша, ұйымдастырушылар зергерлік бұйымдар сатылымының желеуімен азаматтарға айына 50–60% көлемінде кепілдендірілген табыс уәде етіп, салымдардың толық сақталуына сендірген. «Шын мәнінде, төлемдер жаңа қатысушылардың қаржысы есебінен жүргізілген, бұл қаржы пирамидасының айқын белгісі», – делінген хабарламада. Құқыққа қайшы әрекеттердің нәтижесінде қаржы пирамидасына 400-ден астам адам тартылған. Тартылған қаражаттың жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асқан. Түскен табыс есебінен күдіктілер құрылыс кезеңіндегі тұрғын үй кешенінен екі пәтер сатып алған. Қазіргі уақытта сот шешімімен бұл жылжымайтын мүлікке тұтқын салынды. Сонымен қатар, қаржы пирамидасына қылмыстық іске қатысы бар тұлғалардың туыстары да тартылған, олардың банк шоттары арқылы ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру жүргізілген. Қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы екі айға қамауға алынған. Бұған дейін Павлодар қаласында АҚШ-тағы жарнамалық қосымшалар платформасы ретінде жұмыс істеген TAKORP қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты сот айыптау үкімін шығарғаны хабарланған болатын. Қарапайым халықтың қалтасын қағатын қаржы пирамидалары айылын жияр емес. Оп-оңай жолмен олжалы болғысы келетіндер талай адамды үптеп келеді. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің бізге берген мәліметі бойынша, қаржы пирамидаларына қатысты тек биылғы 6 айдың ішінде өндіріске 21 қылмыстық іс келіп түскен. Тексерудің нәтижесінде 9 қыл­мыстық іс сотқа жөнелтілген. Олардан келген жалпы шығын 11 миллион тең­гені құрапты. Ал іске күдікті тұлғалардың 2,6 миллион теңге көлеміндегі мүл­кі тәркіленген. Қалған қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу амал­дары жүргізілуде. Жалпы, осы мерзім ішінде қаржы пирамидасының тұ­за­ғына түскен 100-ден астам адам құзырлы органға шағымданған екен.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin