• 5 марта, 2025 1:39 дп

ШЫМКЕНТТЕ «ӘЙЕЛМЕН ӘЛЕМ ӘДЕМІ» АТТЫ ТАНЫМДЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Автор:admin

Мар 4, 2025

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Әйелмен әлем әдемі» тақырыбында лекторий өтті.

Әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлін нығайту және түрлі деңгейдегі әйелдер ұйымдарының өзара байланысын бекемдеуді көздеген іс-шараға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы А.Жұмағұлова, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Г.Сүгірбаева, Мемлекет және қоғам қайраткері О.Асанғазықызы, қалалық мәслихат депутаты Т.Сұлтанова, Ө.Жолдасбеков атындағы №9 мектеп-лицей директоры Г.Абилдаева, №23 мектеп-лицейдің директоры Ж.Тойлыбаева, жоғары санатты дәрігер Б.Көпбайқызы, жазушы-драматург С.Қасымбек, жазушы З.Жантасова, жазушы А.Момбек, ақын Ф.Жүнісова, ҚР білім беру ісінің үздігі Г.Мықтыбаева, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының сарапшысы А.Төлегенова және қаладағы кітапханалардың директорлары мен қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері қатысты.

Бағдарлама аясында мемлекет және қоғам қайраткері О.Асанғазықызының отбасы құндылықтары жайында құнды ойлары жазылған «Отбасы берекесі» кітабының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, әйелдердің қоғамдағы орны және олардың құқықтарын қорғау тақырыбында пікір алмасулар болды.
— Өмірдің мәнін түсіндік. Ал енді өмірдегі мақсат не? Біздің мақсатымыз – ұрпағымыздың бақытты, саналы, рухани тұрғыда азат ғұмыр кешуіне бағыт беру. Бүгінде ер жетіп отырған ұлдар мен бойжеткен қыздарға өмірдің мәні – өзіңді тану болса, ал негізгі мақсатының бірі – берік отбасын құру екенін түсіндіру. Еліміздің әр жас ер азаматы мен қыз баласы өз құқығы мен бостандығын сақтай отырып, ортақ құндылыққа негізделген, ұлттық мүддеге сай, берекелі, бақытты отбасын құруға асығу қажет. Себебі “Отан отбасынан басталады…” Отбасы – ұлттың тірегі!Отбасы – адам өмірінің ең үлкен байлығы. Осы кітап арқылы халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеп, берекелі, бақытты шаңырақ құруға өз үлесімді қоссам деген ниеттемін. Қолдау білдіргендеріңіз үшін мың алғыс! — деді кітап авторы Оразкүл Асанғазы.

Ал «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының сарапшысы Асылзат Төлегенова адамның өмірге келудегі бір миссиясы — қазыналы қарттыққа дайындалу екенін жеткізді.
“Кеудемізді даналыққа толтырумен айналысуымыз керек. Зейнетке шыққан соң сол қуысты толтырып аламын деген бос сөз. Өйткені, әже болған кезде айналамызға әсер етеміз. Сол үшін өзіміз ұлттық тәрбиені мықтап сіңіріп, ұрпағымызға соны жеткізе білсек, ұл мен қыздың бір-бірін тепкілеп жатқанын көрмес едік. Қазіргілер әдеп, обал, кие дегенді білмейді. Оны білуі үшін балаға тәрбиені қисса, аңыз, дастандар, ырым-тыйымдармен беруіміз керек. Қазақ қоғамы назар аударуы тиіс мәселе, қайтадан ұлттық тәрбиемізді қолға алуымыз қажет. Қанша заманауи болсақ та, болашашаққа ескінің есігімен кіретінімізді ұмытпайық! — деген ойымен бөлісті Асылзат Асханбекқызы.

Іс-шара соңында қатысушылар мен қонақтар өзара тәжірибе алмасып, әйелдер мен балаларға арналған саясаттың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар мен идеяларды талқылады.

Автор: admin