• 19 сентября, 2024 2:03 дп

Шымкентте әскери қызметкерлерді даярлайтын тағы бір әскери кафедра ашылды!

Автор:admin

Июн 2, 2024

Шымкентте Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанынан әскери кафедра ашылды. Кафедра ҚР Қарулы Күштерiнiң әскери оқытылған резервiн даярлау және толықтыруда стратегиялық мiндеттердi орындайды. Әскери кафедраның ашылу салтанатына университет басшылары, оқытушы-профессорлар, студенттер қатысты. Жиын барысында студенттер арнайы әскери оқу-жаттығу барысын көрсетіп, кафедраның материалдық базасымен таныстырды. – Қазіргі таңда кафедрада 27 оқытушы-профессор бар. Олардың барлығы бұрын әскери қызметте болған, зейнетке шыққан мықты мамандар. Сондай-ақ 9 инженерлік-техникалық персонал, 15 оқу-әдістемелік бөлім бар. Бізге тапсырып жатқан студенттер де көп. Оқуға тапсырушылар саны қазір 1000-нан асып кетті, – деді Әскери кафедра бастығы полковник Алмас Айтов. Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ Әскери кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы ҚР Қарулы Күштері құрамында кафедра дайындап жатқан әскери-есептік мамандықтарға сай әскер түрлерінде, тиісті лауазымдарда қызмет атқарған, әскери-педагогикалық тәжірибесі мол офицерлерден жасақталған. Әскери-есептік мамандықтар бойынша кадр даярлауда оқытылатын арнайы пәндер бөлмелері көрнекі құралдармен, қару-жарақ үлгілерімен, макеттермен және әдістемелік нұсқаулықтармен жабдықталған. Пән бағдарламалары ТМД мемлекеттері мен дүние жүзіндегі қақтығыстарда қолданылатын ұрыс жүргізу тактикаларын есепке ала отырып өңделген. Әр пәнге арнайы әдістемелік құралдар жасалып, көрнекі құралдармен толықтырылған. Қару-жарақ базасы әскери-есептік мамандықтардың штаттық қару-жарақтарымен және әскери техникаларымен, АК-74, Макаров тапаншасы, қол гранаталары, танкке қарсы гранаталар мен миналар, ЖҰМ-2, Т-72 танкі, әскери көліктер, РХБ қорғау құралдары, инженерлік құралдар, оқ дәрілер үлгілерімен толықтырылған. Жауынгерлік оқу-жаттығу тактикаларын жүргізетін қалашықтар, тактикалық алаң, инженерлік қалашық, РХБ қорғау қалашығы, атыс даярлығы қалашықтары жасалып, көрнекі құралдармен жабдықталған. Айта кетейік, оқытушылар құрамы әр үш жылда біліктілік курсынан өтіп тұрады.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin