МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, медициналық мекемелердің саны артқан. Шымкент қаласында бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 164 медициналық ұйым қызмет көрсетуде. Оның 34-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік медициналық ұйымдар.
Былтырғы жылы медициналық сақтандыру аясында атқарылған жұмыс қорытындысы мен қаржыландырылуы туралы бүгін БАҚ өкілдеріне арналған брифингте ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова баяндады.
Спикердің айтуынша, медициналық ұйымдардың ішінде 68 мекеме МӘМС шеңберінде стоматологиялық қызмет түрлерін көрсетуде. Балалар мен жүкті әйелдер олардан жоспарлы стоматологиялық көмек алуға құқылы.
Ал, шұғыл жағдайда 18 жасқа дейінгі балалар; жүкті әйелдер; Ұлы Отан соғысының ардагерлері; 1, 2, 3 топтағы мүгедектер; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар; Атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен зейнеткерлер; жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар; ерекше баланы күтуді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтарға көмек көрсетіледі.
Қор тарапынан емдеу мекемелерінің халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетулеріне жүйелі түрде мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Брифинг барысында мәлім болғанындай, былтыр медициналық ұйымдарда 300 мыңнан астам ақау анықталып, 1,9 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған. Кемшіліктердің басым көпшілігі халыққа консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету кезінде орын алған. Сонымен қатар, өткен жылы емдеу мекемелерінің қызмет сапасына қатысты 1500-ға жуық арыз-шағым түскен. Шағымдардың басым бөлігі медициналық қызмет көрсетуден бас тарту, қызмет сапасының төмендігі және дәрі-дәрмектің уақытылы берілмеуі секілді мәселелерге қатысты. Пациенттердің шағымдарын азайту мақсатында ішкі аудит қызметінің жұмысын күшейту және репутациялық менеджментті дамытуға ерекше назар аударылуда.
#әмсқшымкент#мәмсшымкент