Шымкентте елдімекендерді газбен жабдықтау жұмыстары жалғасуда.Шымкент қаласының Достық ш/а (3-кезек. Үшбұрыш) 2016 жылдан бері сапалы инженерлік инфрақұрылым жүйесімен (табиғи газбен жабдықтау) қамтамасыз етілмеген. Көптеген тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар түсуіне байланысты және де Абай аудан әкімдігінің ұсынысымен жобалық сметалық құжаттамаға Басқарма тарапынан тапсырыс берілді.
2023 жылы Достық ш/а (3-кезек. Үшбұрыш) жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2024 жылы шілде айында мердігер мекеме «Global-GH» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары басталып, ағымдағы жылдың наурыз айында құрылыс жұмыстарын аяқтап, 320 абонент (1600 адам) табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 95% орындалды.
2024 жылы газдандыру жұмыстары Қайнарбұлақ 1,2 кезең, Ынтымақ-2, Бозарық 1,2,3 кезең, Еламан, Қаратөбе, Тәуелсіздікке-20 жыл және Қайтпас-1 тұрғын алаптарында жүргізілді. Нәтижесінде, 90 мыңнан астам адам табиғи газ жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Алдағы уақытта Қарабастау тұрғын алабы (1288 абонент), Жұлдыз-Жалын тұрғын алабы (1378 абонент) және де қазан айында Қайтпас-1 мен Тұран шағын ауданы арасында орналасқан тұрғын үйлер (242 абонент) газбен қамтамасыз етілетін болады. 2025 жылы жалпы саны 3228 абонент табиғи газбен қамтамасыз етіледі.