Шымкентте атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау процесін оңтайландыру мақсатында «FSM Social» пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба Қарағанды облысы мен қаламызда жүзеге асып жатыр. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жобаның аясында учаскелік комиссиялардың жұмысы мобильді қосымша арқылы толық цифрландырылды.
Жоба шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп, формальды тексерулерді болдырмауға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған. Қосымша өтініш берушінің нақты орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, отбасының материалдық жағдайы фотофиксация арқылы тіркеліп, арнайы тексеру актісі жасалады.
Қаланың әр ауданында бекітілген мобильді топтар (барлығы 752 лауазым) қиын жағдайға тап болған отбасыларды дер кезінде анықтап, кешенді көмек көрсетуге жұмылдырылған.
Пилоттық жоба Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде бекітілген. Жобаны Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының үйлестіруімен «Отбасын қолдау» орталығы жүзеге асыруда. Қалада қазіргі таңда бір ғана орталық жұмыс істейді.
Жоба шеңберінде денсаулық сақтау, білім беру, ішкі істер және пробация қызметтерінің өкілдерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. 552 қызметкер арнайы оқытудан өтті. Бүгінде жүйеде 240 мемлекеттік мекемеден 1 297 қызметкер тіркеліп, жұмыс атқаруда. Жүйеге 1 547 отбасы туралы ақпарат енгізілген. Оның ішінде 1 199 отбасы әлеуметтік кеңес алған.
Мемлекеттік мекемелерден келіп түскен 348 сигналдың 58-і пробация қызметінен тіркелген. Бұл азаматтардың көпшілігі жұмыссыздық пен материалдық қиындықтарға тап болған. Аталған мәселе бойынша еңбек мобильділігі орталығы мен аудан әкімдіктеріне тиісті ақпарат жолданды. Нәтижесінде 4 адам жұмыспен қамтылып, бірқатар отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді.
Орталық тарапынан құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек те көрсетіліп жатыр. Алайда кейбір азаматтардың банк шоттарының бұғатталуы олардың жұмыспен қамтылуына кедергі келтіруде.