• 24 ноября, 2024 11:59 дп

ШЫМКЕНТТІК МАМАНДАРДЫҢ ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДЕ «QAMQOR» БАҒДАРЛАМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Автор:admin

Фев 10, 2023

 

Биыл Шымкенттік тұрғындардың тұрғын үй мәселесін шешуде «Qamqor» бағдарламасы іске қосылмақ.

Оған дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтар, тәрбиешілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатыса алады.

Аталған бағдарламаға 63 жасқа дейінгі азаматтар қатысуға мүмкіндік қарастырылған. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар үшін қолжетімділікке басымдық беріледі. Тұрғын үйді бастапқы нарықтан немесе қайталама нарықта да үміткерлер өздері тауып сатып ала алады. Қарыздың максималды сомасы 20 млн теңгені құрайды. Кредит бойынша алғашқы жарна- 10%, жылдық мөлшерлеме-5%, одан әрі жылдық 3,8% -ға дейін төмендейді.

«Qamqor» бағдарламасы аясында несиелеу үшін алғашқы транш 3 млрд теңгені құрайды. Аталған қаражат жергілікті атқарушы орган тарапынан бөлінеді. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде өтінімдерді қабылдау және әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастыруда басты оператор Отбасы Банкі болып табылады. Жеңілдетілген несиелеуге үміткерлерді іріктеу барысында қатысушылардың некедегі жылдар саны, балалардың болуы, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы балдық жүйемен есептеледі.

Айта кету керек, «Qamqor» бағдарламасына 63 жасқа дейінгі қатысушының және оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы, соңғы 3 жыл ішінде Шымкентте тұрақты тіркеудің болуы тиіс.

Автор: admin