• 22 ноября, 2024 10:48 пп

ШЫМКЕНТТІК 40 КӘСІПТІК МАМАН ӨНДІРІСТЕ СЕРТИФИКАТТАЛҒАН МАМАН АТАНАДЫ

Автор:admin

Апр 3, 2023

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында жыл сайынғы «Жұмыс орнында оқыту педагогикасы. Тәлімгер-мамандарды аттестаттау» оқыту курсы басталды. Оқытуды «Атамекен» ҚР ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары, Германиядағы «Тәлімгерлік мектебі» халықаралық жобасы аясында білім алған тренер-мультипликатор Ляззат Шонаева жүргізеді. Білім алушылар арасында — 20 жеке компаниядан 40 маман қатысады. Атап айтсақ, «Алипбаева» ЖК («Кәусар» желісі), «GraMaD Retail» ЖШС, «ҚТЖ «ҰК» АҚ – «магистральдық желісінің Шымкент қаласы бөлімшесі», «KAZPLAST» ЖШС, «Қазпочта» АҚ филиалы «Шымкент почтаматы», «3-Энергоорталық», «Ай Сервис Транс» ЖШС, «ARNATEX» ЖШС. Ал мамандар компанияларда инженерлер, энергетиктер, технологтар, өндірістік қауіпсіздік экологтары, аспаздар, тігіншілер, HR мамандары, қызметтерді енгізу секторының мамандары болып жұмыс істейтін және сонымен бірге өндірісте тәлімгер болып табылатын жұмысшылар. «Қазір кәсіпорындардағы тәлімгерлерді қажетті біліммен қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан 2018 жылы «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы өндірістегі білікті тәлімгерлердің тапшылығы мәселесін шешу мақсатында Тәлімгерлік мектебін ұйымдастырды. Осы уақыт ішінде мектепте түрлі салалардың өкілдері оқудан өтті. Бүгінде бұл жоба еліміздің барлық өңірлерінде сәтті жүзеге асырылуда. Оқыту мамандардың сұранысына ие», — деп атап өтті Ляззат Шонаева. Екі күн ішінде тыңдаушылар дуалды оқытудың ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктері мен міндеттерін, жұмыс орнында оқытудың педагогикалық негіздері мен технологияларын, әдістемелік тәсілдері мен құралдарды, оларды қолдануды, оқытудағы техникалық құралдарды, жұмыс орнында оқытудың құрылымы мен жоспарлауын, сондай-ақ нұсқама жүргізу әдістерін, корпоративтік мәдениет пен командалық білім беруді, өнімді коммуникациялар мен тіпті жас психологиясы бойынша білім алады. Семинар аяқталғаннан кейін қатысушылар тәлімгер сертификатын алады және Кәсіпкерлер палатасы басшысының бұйрығымен «Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы тәлімгерлер Тізіліміне енгізіледі. «Тәлімгерлік институтының арқасында жаңа қызметкерлерді бейімдеу және оқыту бойынша ұйымдастырушылық міндеттер ойдағыдай шешілуде, кәсіпорындардың кадрлық саясаты іске асырылуда, бұл кадрлық әлеуетті нығайтуға және өндірісті дамытуға әсер етеді. Осылайша, компаниялар персоналдың әлеуетін ашуға көмектесіп қана қоймай, мегаполис жағдайында үлкен проблема болып табылатын кадрлардың айналымын төмендетеді», — деп атап өтті Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев. Бүгінгі таңда Шымкентте дуалды оқытуды енгізудің жол картасы 31 мамандық және 41 біліктілік бойынша іске асырылуда. 170-тен астам кәсіпорын Жол картасына қатысып, 8 техникалық және кәсіптік оқыту ұйымымен екі мыңнан астам студентті бірлесіп даярлау шарттарын қабылдады. Қазіргі уақытта Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы кәсіби кадрларға қажеттілікті айқындау бойынша сауалнама жүргізуде. Сауалнама нәтижелері жоғары және техникалық-кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру үшін пайдаланылатын болады. 2023-2025 жылдарға арналған кәсіпорындардың қызметкерлерге қажеттілігін анықтау үшін 4 мыңға жуық қаланың заңды тұлғалары мен кәсіпкерлік субъектілеріне сауалнама жүргізу жоспарланған. Дуалды жүйе бойынша жұмыс істейтін ірі-серіктес кәсіпорындар: «AZALA Textile» ЖШС, «Гаухар» ШФ ЖШС, «Мадлен-KZ» ЖШС, «3-Энергоорталық» АҚ, «Әлем-БТ» ЖШС, «Бал Текстиль» ЖШС, «Рахат-Шымкент» ЖШС және т. б.

Jsk ақпарат

Автор: admin