• 22 ноября, 2024 12:22 пп

Шымкенттің бас жедел уәкілі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтты

Автор:admin

Ноя 8, 2024

Қай мемлекеттің болмасын айбарын аспандатып, халқының тыныштығын қорғауда елдің ішкі қауіпсіздігі маңызды рөл атқарады. Азаматтардың құқықтары жоғары деңгейде қорғалып, тәртіп сақталған жерде ғана мемлекеттің келешегі жарқын болады.  «Біздің Қарулы күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарының, ұлттық қауіпсіздік, сыртқы барлау органдарының жұмысын қайта құру қажет. Олардың барлығы бір мақсат — азаматтарымызды, конституциялық құрылысты және егемендікті кез келген сипаттағы қауіп-қатерлерден барынша тиімді қорғау үшін үйлесімді жұмыс істеуге тиіс», — деп айтқан еді Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы жылдың басында.   Осы орайда Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Бейсенбаевтың қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Жиын барысында, полиция полковнигі ағымдағы жылдың 5 айында мегаполистің полиция қызметкерлерімен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтты.  Полиция полковнигінің сөзінше, өткен жылмен салыстырғанда тіркелген құқық бұзушылықтар 28,6 %-ға азайған. Қабылданған шаралар және профилактикалық жұмыстар нәтижесінде, бірқатар негізгі қылмыс түрлерінің саны едәуір төмендеуіне қол жеткізілді. Оның ішінде атап өтетіні: пәтер ұрлығы – 23,6 %-ға, мал ұрлығы – 66,7%-ға, алаяқтық – 34,1%-ға азайған. Ал, аса ауыр және ауыр санаттағы қылмыстардың ашылымы 100,0 пайызды құрады.

– Сондай-ақ, заңсыз айналымнан 35 кг-нан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. 4 мыңға жуық есірткіні жарнамалайтын граффити-суреттер жойылды. Басқа өңірлердегі әріптестермен бірлесе есірткіге байланысты 2 мыңнан астам интернет-сайттар мен әлеуметтік желі парақшалары анықталып, ақпараттық жүйеге бұғаттауға енгізілді, – деді Бейсенбаев. 100 интернет-алаяқтық қылмысы ашылып, оларды жасаған 38 тұлға ұсталған. Азаматтарға келтірілген 57 млн теңге шығын кері қайтырылған. Сөз соңында полицей тұрғындарды интернет-алаяқтардан сақ болуға, нашақорлықпен бірлесіп күресуге шақырды.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin