• 22 ноября, 2024 2:32 пп

Шымкенттің  мектептерін 11 мыңнан аса түлектер бітірді

Автор:admin

Май 24, 2022

Әлбетте, «Бесіктегі баланың күлгенін көрген – бір мұрат, алдына түсіп ананың жүргенін көрген – бір мұрат» дегендей, мәпелеп өсірген баланың ел қатарлы орта білім алып шығуы алдымен ата-анаға мерей, ал аттестат алған албырт жастың алдында сыры мен сыны көп үлкен өмір тұр. Сондықтан да мектеп бітірушілер кешінде көз жанарыңызға келіп қалар мөлтіл жаста «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» аяулы ортаға деген қимастықтың сыры да, алға жетелейтін армандардың жыры да бар… Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде «Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егер де адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны» дейді. Азаматтыққа аяқ басқан адамның төрт құбыласын түгендейтін осы қасиет түгелімен жаңа ғасырдағы мектеп бітірушілер буынынан табыла ма? Шырайлы шаһардың жас түлектері 11 мыңнан асты.  Мектеп бітіруші түлектер үшін маңызды және көңіл толқытатын кезең. Яғни ол — мектеп бітіру, ҰБТ тапсыру және жоғары оқу орындарына түсу. Бірқатар елде түлектерге арналған commencement speech деп аталатын дәстүр бар.  Шымкент қаласындағы 203  мектепте «Жаңа  Қазақстанның ертеңі» атты салтанатты соңғы қоңырау шарасы өткен болатын. Осы білім ұйымдарындағы 242 525 оқушы оқу жылын аяқтаса, оның ішінде 11 189 бала оқуды бітірген. «Мемлекетімізде оқимын, білемін, танимын деген оқушылар үшін жағдай әрдайым жасалған және де жасала бермек. Әсіресе, шәкірттеріне білім, тәрбие беріп, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздарымыздың еңбегі ерен.Тек білім ғана адамға өмір жолын дұрыс таңдауда еркіндік пен өз-өзіне деген сенімділік, табысқа жетуге және өз қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні баршамызға мәлім. Қаламыздың барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылып, ұл-қыздарымыз болашақтың биік баспалдағына қадам басқалы отыр. Өмірде жолдарыңыз ашық болсын!»,-деді М.Әйтенов. Мектеп бітірушілер мен ұстаздарды құттықтау үшін қала әкімі Мұрат Әйтенов №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназияның соңғы қоңырау шарасына қатысты. Қала басшысы барша мектеп бітіруші түлектерге сәт сапар тілеп, өмір жолында табысты болуды айтты. Биылғы мектеп бітіруші түлектердің 8 мыңнан астамы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады, соның ішінде 453 оқушы Алтын белгіге үміткер. Ал, білім саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесінде осы оқу жылында 500-ден астам шымкенттік оқушы халықаралық және республикалық сайыстарда топ жарды. Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте 25 мектеп салынса, биыл 17 мектеп салу жоспарланды. Келер жылы үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілетін болады. Одан бөлек, Оқушылар сарайы мен Саз мектебі салынуда.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin