Гидрогеология саласындағы зерттеу нәтижелері адамзат үшін аса маңызды. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, жер шарының 74 пайызын су алып жатыр. Соған қарамастан, бүкіл әлемде су тапшылығы бар. Соның ішінде, әсіресе таза ауыз су мәселесі өзекті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығын сезінеді. Сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ал 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру. Әлемде жыл сайын таза судың жоқтығынан, соның салдарынан болатын антисанитариядан мыңдаған адам көз жұмады. Оның көбі – балалар. Кейбір елдердегідей аса қат болмағанмен, Қазақстанда да ауыз су проблемасы бар. Дегенмен еліміздегі жерасты су ресурстары арнайы зерттеліп, оның гидрогеологиялық картасы жасалған. Ол карталарда қай жерден, қандай тереңдіктен, қандай су шығатыны, оның мөлшері мен сол аймақтағы жерасты суларының барша қоры сияқты деректер көрсетілген. Гидрогеология деген – осы жерасты суларының пайда болуын, орналасуын, құрамы мен қозғалыс заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Жерасты су қорының толығуы жауын-шашын қорымен, мұздықтармен қатар, тұщы су көзі бар үлкен өзендердің әсерінен болады. Біздің елімізге ондай үлкен өзендер, яғни Іле, Ертіс, Жайық, Талас, Сырдария өзендері көршілес елдерден, атап айтқанда, Қытайдан, Ресейден, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келеді. Демографиялық өсімге байланысты және су тұтыну көздерінің көбеюінен бұл сулардың қоры жылдан-жылға азаюда. Мұны рационалды пайдалану мемлекетаралық келісімдермен реттеледі. Ал енді Шымкент қаласының Абай ауданында 34 елдімекеннің 22-і сапалы ауыз сумен қамтылған. Жыл басында тағы 2 елдімекен сапалы ауыз сумен қамтылып, олардың саны 24-ке жетті. Бұл 71 пайызды құрап отыр. Қалған 10 елдімекен ұңғыма және тасымалды ауыз суларын пайдаланады. Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов 2020 жылдың қорытындысы бойынша халыққа есеп беріп, алдағы жоспарларын мәлім етті. Аудан әкімінің айтуынша, 2020 жылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарына жалпы 8,4 млрд. теңге қаржы қаралған. Оған 8 елдімекеннің ішкі құрылыс жүйелерінің жұмыстары жүргізілетін болады. Атап айтқанда, 4 елдімекенге (Игілік, Қызылжар, Көкбұлақ, Тәуелсіздікке 20 жыл) ауыз су жүйесі кіргізілді. Қалған 4 елдімекеннің (Жаңаталап, Ынтымақ-2, Жаңа Тұрлан, Солтүстік саяжай (Нұршуақ) құрылыс жұмыстары биыл аяқталады. Нәтижесінде 25 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Ал, Ақтас-2 және Құрсайға ауыз су тарту үшін ЖСҚ дайындалды. Құрылыс жұмыстары осы жылы жүргізіледі деп жоспарлануда.
Jsk ақпарат