Жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған. «Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осы мәселеге айрықша тоқталған. Жастар – қай заманда, қай елде болсын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал жаңа идея қазақ елінің жаңаруына, «Мәңгілік ел» болуына жол сілтейді.
Жастар – қашанда белсенді буын өкілдері. Елімізде жастардың білімді, қабілетті болуына әрдайым үлкен мән беріліп келеді. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей болашағын ойлаған мемлекет бүгінгі жастарының жағдайын тасада қалдырмаса керек. «Өскелең ұрпақтың әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Осы орайда, Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынамын. Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз» деген-ді Мемлекет басшысы. Халықаралық жастар күніне орай Жастар ресурстық орталығы «Жастар ел болашағы» атты жастар кешін өткізді. Іс-шараның мақсаты — қала жастарын мерекемен құттықтап, кешкі уақытын қызықты әрі тиімді өткізу. Мерекелік кеште Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов қала жастарын айтулы мерекемен құттықтады.
— Тәуелсіз еліміздің гүлденіп, қарыштап дамуы үшін жастардың тың идеялары, алғыр шешімдері, оң бастамалары қажет. Жастар — қоғамның қозғаушы күші. Біз жастардың өмірден өз орнын табуына, түрлі дағдыларды игеруіне қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз, — деді басқарма басшысы. Іс-шарада қала тұрғындары мен жастары үстел теннисінен сайысқа түсіп, белсене қатысқан азаматтар сыйлықтарға ие болды. Жас бүлдіршіндерден бастап үлкен кісілерге дейін караокеде ән шырқап, мерекелік кешті қызықты өткізді.
Jsk ақпарат