• 23 ноября, 2024 7:25 дп

Шымкент кәсіпкері: «Ментордың көмегімен өз саламды таптым»

Автор:admin

Июл 15, 2023

Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы тарапынан бизнестегі әйелдерге ақысыз негізде сервистік қолдаулар көрсетіледі. Бухгалтерлік, салықтық және статистикалық есептерді тапсыруға көмек көрсету қызметі, заңгерлік қызмет көрсету, маркетинг, бизнес жоспар әзірлеу, қаржыландыру және мемлекеттік қолдау алу туралы кеңес беру орталықта жүзеге асады. Осындай көмектерге жүгініп, өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер де жоқ емес. Соның бірі – Шымкенттік Гүлнұр Сейтханова. Кәсіпті қалай бастауды білмеген ол, орталық мамандарының көмегімен «Қыш-құмыра» студиясын ашқан. Кәсіп бастауда жүріп өткен жолын Г. Сейтханова былай баяндап берді:
–Мен көпбалалы анамын. Қазіргі таңда «Қыш-құмыра» студиясының жетекшісімін. 2005 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінде «Қолданбалы өнер және сызу» мамандығын қызыл дипломмен бітіргенмін. Тұрмысқа шығып отбасылы болған соң, үйлі-жайлы болайық деген мақсатпен несиеге тұрғын үй алдық. Қаржы жетіспеушілігі біздің де отбасымызды айналып өтпеді. Өзімді түрлі салада сынап көре бастадым. 10 жыл ломбардта кассир қызметін атқардым. 2020 жылы пандемия кезінде қатты ауырғаннан, уайымға салынып, күйзеліске түстім. Не істерімді білмей, санам сан-сақта жүргенде, Ютуб каналдан сазбалшықтан құмыра жасап жатқан видеоға көзім түсті. Кезінде университетте сазбалшықтан мүсін жасау сабақтары ерекше әсер беретінін, сол сабақтардың терапиялық қасиеті бар екенін оқығанбыз. Сазбалшықпен жұмыс жасауға қатты көңілім ауды. Сөйтіп соған қажетті құрал-жабдықтарды алатын жол іздей бастадым. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» оқуын онлайн бітіріп, көпбалалы ана ретінде грантқа өтініш тапсырып, ұтып алдым. Сол гранттың қаражатына гончар дөңгелегі және муфелді пеш сатып алып, осы салаға бет бұрдым. Жұмыс бастауым да ерекше болды. Мен алғашқы жұмысымды «Оңалту орталығынан» бастадым.Себебі ол жерде дамуы кешеуілдеген балаларға сазбалшықпен жұмыс жасауды терапия ретінде қолдануға болады. Алғашқылардың бірі болып тәжірибе жүргіздім. Жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Сөйтіп, өзімнің жеке студиямды ашуға бел будым. Жолдасымның қолдауымен керамикамен жұмыс жасайтын, әр түрлі мастер-кластар өткізетін, арнайы құралдармен жабдықталған, көркем безендірілген «Қыш-құмыра» студиясын аштым. Студияға күйзеліске түсіп немесе жұмыстан шаршап жүрген адамдар келіп, мастер-кластарға қатысып демалып қайтатын. Кейіннен жан басына қаржыландыру бағдарламасы арқылы балаларға тегін үйірмелер ашып, студиямыздың аясы кеңейді. Өкінішке орай бағдарлама арқылы қаржыландыруды тоқтатып қойған соң, тағы басқа жолдар іздей бастадық. Сол ізденісім мені «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына» жетеледі. Орталықтағы менторлық сүйемелдеу қызметіне жүгіндім. Ментордың кеңесімен студияларымда жаз уақытысында балаларды өнерге баулу лагерін аштым. Әрі қарай тағы да кеңейіп, осы сазбалшықтан сувенирлер, тойбастарға қажетті заттар жасауға бел будым. Содан «QAZAQ ceramics» брендімен тойбастарларға тапсырыс қабылдай бастадық. Бұрын бизнеспен айналыспаған мен сияқты әйелдерге қолдау көрсетіп, оқытып, көмектесіп жатқан «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына» алғысым шексіз. Ментордың сабақтарынан мотивация алып, мақсаттарым айқын болды. Осы жоспар құрудың арқасында армандарыма қол жеткізуге болатынына көзім жетті. Иә, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар аз емес. Бүгін соның бір бөлігін ғана баяндадық. Өзіңізге тиімді қызмет түрін таңдап, табысты кәсіпкер болуға қадам жасау сіздің қолыңызда. «Әрекет түбі қашанда берекет екені» сөзсіз.
Jsk ақпарат

Автор: admin