• 29 ноября, 2024 2:38 дп

Шымкент: Профилактикалық жұмыс қылмыстың алдын алады

Автор:admin

Авг 13, 2024

Қоғамдық тәртіпті бұзу, қылмыстың алдын алу тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін профилактикалық жұмыс жүргізу керек. Шымкент қаласында да осы бағыттағы жұмыстарға басымдық берілуі нәтижесінде, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 29,1 пайызға, көшедегі тәртіп бұзушылық 26,8 пайызға, отбасылық-тұрмыстық 23,1 пайызға, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс 23,1 пайызға азайған. Бұл туралы Шымкент қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев мәлімдеді. Жыл басынан кәмелетке толмағандармен жасалған 3329 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде, 378 құқық бұзушылық жасөспірімдердің түнгі уақытта көңіл-көтеру орындарында болу, 4048 құқық бұзушылық олардың үйден тыс ата-ана немесе заңды өкілінсіз жүруі, 27 құқық бұзушылық жасөспірімдердің қоғамдық орындарда алкогольді мас күйінде жүруі болып табылады. 249 кәмелетке толмағандар мен 138 жайсыз отбасы есепке алынды. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия қарауына 11 материал жолданып, оның шешімімен 3 жасөспірім Тараз қаласындағы арнайы мектепке жіберілді, қалғандары бойынша жақын күндері шешім қабылданады. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 323 бала орналастырылды. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар жергілікті атқарушы органмен, қалалық білім басқармасымен бірлесіп жүргізуде. Полиция полковнигінің сөзінше, өткен жылмен салыстырғанда тіркелген құқық бұзушылықтар 28,6 пайызға азайған. Қабылданған шаралар және профилактикалық жұмыстар нәтижесінде, бірқатар негізгі қылмыс түрлерінің саны едәуір төмендеуіне қол жеткізілді. Оның ішінде атап өтетіні: пәтер ұрлығы – 23,6 пайызға, мал ұрлығы – 66,7 пайызға, алаяқтық – 34,1 пайызға азайған. «Аса ауыр және ауыр санаттағы қылмыстардың ашылымы 100 пайызды құрады», — деді Арман Бейсенбаев. Бүгінде интернетте, әлеуметтік желілерде есірткі таратуға шақыратын хабарландыруларды көруге болады. Оны ұйымдастырушылар қомақты ақшалай қаражат үшін, кейде аптасына 200 мыңға дейін табыс әкелетін «есірткі жасырушы» («закладчик») немесе «курьер» секілді қызметтерді ұсынады. Ең өкініштісі, осыған алданған жастар есірткіні жасырын орындарға қойып кетумен және тасымалдаумен айналысып, түбінде ұсталып жатады. Сондықтан полиция қызметкерлері жастар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп, есірткі таратудың соңы орны толмас өкінішке әкеліп соғатынын ескертеді.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin