• 24 ноября, 2024 10:52 пп

Шымқаладағы көрікті демалыс орындарының бірі-«А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік Дендрологиялық саябағы». Тұрғындар мен қонақтар осы саябақта серуендеп, демалуды әдетке айналдырған. Сол себепті де саябақ тазалығы басты назарда.  Осыған орай саябақ аумағында  «Build Stroi» және «Жасыл жер» ЖШС қызметкерлері тазалық жұмыстарын жүргізді.  Жасыл желектер  суғарылып, толық тазалау жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде адамдардың жүрісіне қауіп төндіріп тұрған талдар кесіліп, бұталанды.    Оған 400- ден астам жұмыс күші және 20 техника жұмылдырылды. Бұл әрине, бір күндік жұмыс емес, тазалық жұмыстары кестеге сай ұдайы жүргізіліп тұрады. Жалпы дендросаябақ- жергілікті маңызы бар, ерекше қорғалатын табиғи аймақ. Оны күтіп-баптау тек тазалық жұмыстарын жүргізетін белгілі бір мекеменің ғана  міндеті емес. Сондай-ақ, тазалықты сақтау әрбір саябаққа келіп, демалушының да міндеті. Өйткені, қоршаған ортаның тазалығы адам өміріне әсер етеді. Жасыл желек жамылған дендросаябаққа ат басын бұратындар көп. Өйткені, жаздың аптап ыстығында жанға сая. Тыныштықты жаны сүйетіндер үшін бой сергітіп, таза ауамен тыныстауға таптырмас орын. Жап-жасыл. Құстардың сайраған үні жаныңды сергітеді. Шымкент дендрологиялық саябағы 1979 жылы белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен құрылған. Оған дейін қаланың бүкіл қоқысы мен қалдығы осы аумаққа әкеліп төгілетін. Бастамашы топ оларды тазалап, сырып, орнына жас шыбық қадап, көктеп-көгеруіне, жайқалып өсуіне бар күш-жігерін жұмсайды. Нәтижесінде, бірер жылда дендросаябақ бой көтерді. Бұл дендросаябақ Оңтүстік Қазақстан өңіріне отандық және дүниежүзілік дендрофлора түрлерін интродукциялау, оларды сақтау, кешенді түрде зерттеу және тиімді пайдалану жолдарын анықтау мақсатында құрылған. Ағаш-бұта өсімдіктерін өңірімізде интродукциялауды жоспарлы түрде жүргізген алғашқы ғылыми мекеме болып есептеледі. Дендросаябақтың аумағы Қазақстан және Орта Азия зонасы, Еуропа, Қырым, Кавказ, Қиыр шығыс, Сібір, Шығыс Азия және Солтүстік Америка және көшеттерді өсіруге арналған көшеттік және көл деп 5 флористикалық аймаққа бөлінген. О баста, ашылған сәтінде дендросаябаққа ағаштың 1360-тан астам түрі отырғызылса, бүгінде олардың 200-ден астам түрі ғана қалыпты. Дендросаябақтан елге есімі белгілі Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров, Жазылбек Қуанышбаев, Ыбырай Жақаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Шерхан Мұртаза, сынды біртуар азаматтардың өз қолымен отырғызған ағаштарын кездестіресіз. Бүгінде тал-дараққа айналған. 90 жылдары тоқырау кезінде күтімсіз қалып, жабайы тоғайға айналған саябақ 2009 жылы қайта еңсе тіктеді. Сол жылы облыс әкімі болған Асқар Мырзахметовтың қолдауымен «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылып, қаржы бөлініп, абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Су жүйелері, саябақ ішіндегі ішкі жолдар, атпен және велосипедпен серуендеу жолдары қалпына келтіріледі. Кіреберіс қақпасы қайта жөндеуден өтті. Осылайша тынығушылардың көрікті демалыс орнына қайта айналды. Дендросаябақта отау құрып жатқан жастардың сүйікті жеріне айналған «Жас жұбайлар» мен «Ардагерлер» аллеясы бар. Мұнда шаңырақ көтерген екі жас өмірінің ең бір шуақты  кезеңінен естелік қалу үшін фотосессия жасап, көпір үстіндегі темірге ырым ғып құлып тағып кетіп жатады. Жуырда жалпы аумағы 120 гектардай жерді алып жатқан саябаққа іргетасын өзі қалап, қаланың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Дендросаябаққа кіру құны –23 теңге.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin