Елімізде құқықтық саясатты жүзеге асыруда конституциялық нормаларды сақтау, заң мен сот алдындағы теңдік, тараптардың өзара жауапкершілігін қамтамасыз ететін саяси, құқықтық кепілдіктерді қамту жағы ескеріледі. Бұл орайда әділет министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, нотариус, медиатор, сот орындаушы және т.б. арналған түрлі шараларды ұйымдастырады. Сондай шараның бірі — Шымкент қалалық сотында өткен «Сот жүйесіндегі соңғы жылдардағы жаңашылдықтар туралы» үкіметтік емес ұйым өкілдері мен қорғаушылар және медиаторларға арналған «Ашық есік күні». Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл басқосуға ҮЕҰ-ның өкілдері мен журналистер және қалалық соттың БАҚ бойынша үйлестіруші судьялары Б.Нәсірдінов, С.Мырзахметов, В.Мирошников, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті құжат айналымы бөлімінің басшысы Н.Өтегенов пен Қ.Дүйсенбі қатысты. Жиында Нұрсұлтан Батырханұлы қонақтарды фронт-кеңсенің жұмысы мен сот отырысы залындағы аудиобейне жазба жөнінде айтып, сонымен бірге «Төрелік» ақпараттық жүйесі мен Жоғарғы Соттың «Сот кабинеті» электрондық ақпараттық жүйенің мүмкіндіктері туралы түсіндіріп өтті. Қабыл Дүйсенбі қонақтарға сот ғимаратындағы «Қабылдау орталығы» мен мұражайды таныстырып, олар туралы нақты әңгімелеп берді. Одан кейін «Ашық есік күні» шарасы «Ақпарат орталығында» жалғасып, қалалық соттың судьялары Б.Нәсірдінов, В.Мирошников, С.Мырзахметов және Қ.Дүйсенбі сот жүйесіндегі және Шымкент қаласы соттарындағы соңғы жылдардағы жаңашылдықтар жөнінде қысқаша баяндап берді. Сонымен қатар халыққа ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жандандыру керектігін тілге тиек етті. Қоғамда ең үлкен резонанс тудырған мәселе – заңсыздық. Осылай деген Шымкент қалалық сотының Әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының судьясы Бахтияр Патшаханұлы соңғы өзгерістер сот саласындағы тараптардың құқығын қорғауға және әрбір азаматтың өз құқығын білуге оң нәтиже беретіндігін айтты. «Сот жүйесінде қандай да түйткілге тап болғандар енді тікелей аппеляциялық соттан кейін кассациялық сотқа жүгіне алады. Бұл дегеніміз, сот шешімімен келіспеген жағдайда әрбір азамат кассациялық сотқа бара алады деген ұйғарым. Әрбір тарап өз құқығын пайдалана отырып, әділ шешімге қол жеткізуін көздейді. Бұл жүйе халықаралық стандартқа сай жасалған. Халықтың сотқа деген сенімін арттыруға бағытталған жұмыстардың бірі», — дейді Бахтияр Патшаханұлы. Жиынға қатысушылар өз сұрақтарын қойып, сот жүйесіндегі бірқатар мәселелерді ортақ талқыға салды. Шара соңында қонақтардың қойған барлық сұрақтарына үйлестіруші судьялар тарапынан толыққанды жауаптар берілді.
Jsk ақпараттық агенттігі