Халық қатысатын бюджет. Аты айтып тұрғандай, бюджет қаржысының қайда, қанша жұмсалатынына қарапайым халық үлес қоса алады. Бүгінгі күнге дейін «мынша қаржыға несіне осыны жасаған немесе мен болсам мынаны жасар едім» деп күйініп жүрген болсаңыз, ойда жүрген идеяны жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік бар. Өзіңіз тұратын қаланың қаржысының тиімді жұмсалуына, тіпті бөлінген қаржыға қалалықтар игілігіне қызмет ететін тәуір жобаны ұсына аласыз. Жо-жоқ, ұсынысыңызды өткізу үшін ауызша айтып немесе жаза салмайсыз. Әбден зерттеп, жобасын сызып, қаржылық сметасын шығарып, тиынына дейін есептеп, дәлелдеп ұсынасыз. Алайда мұнымен іс бітпейді. Себебі бюджеттің әр тиынының сұрауы бар. Мұны бюджет қаржысын жұмсауға атсалысып, жүгіріп жүргеніңізде өзіңіз де сезінесіз. Халық қатысатын бюджетке үлес қосу үлкен жауапкершілік екенін түсінесіз. Қаламымызға арқау болған тақырып – «Халық қатысатын бюджет» жобасы. Бүгінде бұл жоба елімізде, тіпті өз қаламызда жүзеге асып жатса да мұны біреу түсініп, біреу түсінбей жүр. Сол себепті жобаның мәнін түсініп алғанымыз жөн.
Мемлекет басшысының «Халық үнін еститін Үкімет» тұжырымдамасының негізінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы өткен жылы барлық қалада жүзеге аса бастады. Мақсат – қаланы көгалдандыру мен дамытуға тұрғындарды қатыстыру. Ережеде атап көрсетілгендей, жоба ұсынудың өз талабы бар. Атап айтқанда, бір өтінім арқылы бір жоба ұсына аласыз. Ұсынған жоба қалалықтардың ортақ игілігіне қызмет ететіндей болу керек. Ұсыныс қаланы көгалдандыру, жаяу жүргінші жолдарын, арық жүйесін салу, пандустарды жөндеу, полигондарды жою, қалалықтарға ортақ демалыс орындарында орындықтар мен урналарды орнату, жөндеу, спорт алаңдарын салу, жарықтандыру, жөндеу секілді жалпыға ортақ игіліктер болуы тиіс. Осыған орай биыл Тұран ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында барлығы 13 балалар ойын алаңшасы салынып, халық игілігіне беріледі. Қазіргі уақытта Құрсай елді мекеніндегі Құлаңтөбе көшесінде, Ақтас елді мекенінде атауы жоқ көшеде және Бәйдібек би даңғылы 246 мекенжайында балалар ойын алаңшасының құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың тамыз айында толық аяқталып, нысан пайдалануға тапсырылады. Ал, жыл соңына дейін Тұран ауданында Құрсай, Қазығұрт, Ақжар, Ақтас, Арғымақ елді мекендерінде, Отырар шағынауданы, Бәйдібек би даңғылы бойында ойын алаңшасы салынады. Сонымен қатар, тұрындықтарға қажет тағы 10 ашық спорт алаңшасы орнатылады. Атап айтқанда, Отырар шағынауданы (№15/1, №41, №55, №13, №11, №40-42), Құрсай елдімекенінде (Сатқанбаев көшесі, Оңдасынов көшесі, Жұлдыз көшесі) спорт алаңшаларының құрылысы жүргізіледі.
Jsk ақпарат