• 25 ноября, 2024 11:20 пп

ШЫМКЕНТ ЭКСПОРТ КӨЛЕМІН ҰЛҒАЙТТЫ

Автор:admin

Май 22, 2023

Шымкент қаласының сыртқы сауда айналымы 404,4 млн АҚШ долларды құрады. Оның ішінде, экспорт – 137,4 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,2 пайызға өскен.

Жалпы экспорттың ішінде шикізаттық емес экспорт көлемі есепті кезеңде 106,5 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 154,8 пайызды құрады. Бұл салада экспортталып жатқан өнімдер, атап айтқанда – 49,9 млн АҚШ доллары көлемінде мұнай өңдеу өнімдері, 15,3 млн АҚШ доллары сомасына тамақ өнімдері, 4,9 млн АҚШ доллары сомасына фармацевтикалық өнімдері, 4,4 млн АҚШ доллары сомасына машина мен жабдықтардан басқа дайын бұйымдар өндіру, 2,1 млн АҚШ доллары сомасына өнеркәсіп үшін химикаттарды өндіру, 1,3 млн АҚШ доллары сомасына өзге металл емес минералдық өнімдер өндірілген. Сондай-ақ, 9 млн АҚШ доллары сомасын резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру, 6 млн. АҚШ доллары сомасын қағаз және қағаздан жасалған өнімдер шығарылған. Экспорттың басым бөлігі Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Ресей, Қырғызстан, Түркия, Қытайға жөнелтілген.

Ал өңдеу өнеркәсібінде қаладағы (тамақ өнімдерін өндіру, жеңіл өнеркәсібінде, машина жасау, металлургия, фармацевтика және құрылыс өнімдерін өндіру т.б салаларында) 54 кәсіпорын тұрақты экспортқа өнім шығарады.

Экспортқа бағдарланған жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету, өнімдерін экспортқа шығаруда бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда: «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ және «KazakhExport» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ-мен бірлесіп, экспорт жөніндегі өңірлік кеңесі өткізілді. Бұдан бөлек, экспорт және халықаралық сауда бойынша оқыту курстарының сессиясы ұйымдастырылып, іс-шараға қаладан 30 кәсіпорын қатысты. Аталған іс-шараларда кәсіпкерлерді қолдау, экспортқа өнім шығарудың тетіктері қарастырылды.

Б.Дүйсебеков – Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы

Автор: admin