1540 абонентке ауыз су құбыры тартылған. Шымкент қаласы Қайнарбұлақ тұрғын алабында 500-ге жуық үй ауыз сумен қамтылды. Бұл туралы Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Парманов Бұхарбай Рысқұлұлы брифинг барысында мәлімдеді. Абай ауданы бойынша 2022 жылдың соңында ауыз сумен қамтылмаған Қайнарбұлақ тұрғын алабы ғана болатын. Бүгінде бұл елді мекенде 493 үйге, яғни 1540 абонентке ауыз су құбыры тартылған. Ауыз су тарту бойынша 2022 жылы басталған құрылыс жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталады деп жоспарлануда. Жобаның құны 7,1 миллиард теңгені құрайды. Мердігер компания «Мелиоратор» ЖШС. Ал, Абай ауданы аумағы бойынша 27 елді мекеннің 25-і мемлекеттің сапалы электр жарығымен қамтылып отыр. Оның ішінде, Асар-2 шағын ауданы 70%, Қайнарбұлақ тұрғын алабы 24%, сапалы электр жарығымен қамтылған. Сонымен қатар, электр жарығы бойынша аудандағы өзекті мәселенің бірі Достық шағын ауданында ауа райына байланысты 400 абонентте электр жарығы жиі өшеді. Оған электр желілерінің жаңа трансформаторға қосылмағаны себеп болып отыр. Осы мәселені шешу үшін, «ABM Building 2005» ЖШС мердігер мекеме 3 трансформатор қойылады. Аяқтау мерзімі 2023 жылдың шілде айы. Сондай-ақ, Қайнарбұлақ тұрғын алабына қарасты 350 абонентте электр жарығы жиі өшеді. Электр желісі Сайрам ауданындағы Қасымбек датқа ауылындағы электр станциясына қосылғандықтан, жарық өшкен жағдайда Сайрам ауданынан бригада қызмет көрсетеді. Осы мәселені шешу үшін Қайнарбұлақ тұрғын алабында электр жарығының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған соң қалалық М-1 электр станциясына қосу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қоса, Асар-2 шағын ауданында 1150 абонентті мемлекеттік сапалы электр жарығына қосу үшін энергетика басқармасы тарапынан 1,1 миллиард теңге қарастырылып, 3 кезеңнен тұратын жоба жасалған. Конкурс нәтижесі бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.
Jsk ақпарат